Тәрбие тал бесіктен басталады

Ана - мейірім шуағы болса, әке - тәрбие тамыры! Іле ауданы Асқар Тоқпанов ауылы №42 орта мектепте аудандық ата-аналар форумы өтті. Отанасының ғана емес отағасының да отбасындағы орны мен жауапкершілігі қалай болуы керек? Форум спикерлері әуелі осы сұраққа жауап іздеді. Бала үшін қашанда әкенің жөні бөлек, ананың орны ерек. Десе де, шәкірттердің үйдегі тәлім-тәрибесіне жұмыс басты жандар әлі де белсене атсалыса алмай жүр. Сондықтан бұл форум - осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.    

ҚАЛАМҚАС СӘРСЕНБАЕВА - ІЛЕ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ 
- Бұл жердегі басты мақсат - ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Мұнда баланың психологиялық тұрғыда жас ерекшелігіне қарай өзгерісіне сай, мамандармен олардың бірлесе отырып жұмыс жасау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз.

Ұстаздар оқушыларға сапалы білім берумен бірге ұлттық нанымдағы отбасылық құндылықтарды қатар егуге  тырысады. Себебі қазір жұмыс басты ата-аналар бала тәрибесіне жеткілікті көңіл бөле алмай отырғаны шындық. Мұны ата-аналар да теріске шығармайды. Сондықтан олар да бұл бастаманы қолдап отыр.

САЛТАНАТ БЕЙСЕНҚЫЗЫ - АТА-АНА 
- Баланың тәрбиесін көп жағдайда мектепке артып тастаймыз. Ол дұрыс емес. Ал мектеп баланың әлеуметтік дағдысын қалыптастыратын қоғамдық ортада өзін қалай ұстауды үйрететін ұйым. Сондықтан мектеп пен ата-ана бірлесе отырып жұмыс жасағанда ғана нәтиже шығады.

Айта кетсек, форумға 150-ге жуық ата-ана мен ұстаз қатысты. Олар «Бала тәрбиесіндегі он қағида» атты бейнероликті бірге тамашалап, өз әсерлерімен бөлісті. Сөйтіп берік отбасы – текті ұрпақтың, ал тәрбиелі жас – ел болашағының кепілі екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз: