Кітап оқитын ұлт
15 кітап оқып, арнайы тақырыпта тест сұрақтарына жауап беру және қысқаша эссе жазу. Бұл Республикалық «Оқитын ұлт» марафонының қатысушыларына қойылған талап. Жоба қыркүйек айында бастау алып, 2027 жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Қонаевта аудан өкілдері мен кітапхана мамандары бас қосып, Алматы облысындағы марафонның барысын талқылады. Қатысушылар атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы міндеттерді пысықтады. Кездесуде марафонның бір айдағы нәтижесі сараланды. Қатысушыларды тіркеу, оқырман тарту және алдағы жоспарлар талқыланды. Жоба жеті бағытты қамтиды. Әркім өзіне қызықтысын таңдай алады. Қатысушыларға 330 кітаптан тұратын тізім ұсынылған. Оқырмандар шығармаларды оқып қана қоймай, тест тапсырып, зияткерлік сайыстарға да қатысады.
ҒАЛИЯ ТОҚАБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ОРТАЛЫҚ ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- Кітап оқитын ұлт марафонының тіркелуі әлі аяқталған жоқ. Қазір 30 қазанға дейін Парасат қосылды. Ол жерде сыйақы берілмейді. Бірақ әр оқырман өз еркімен тіркеліп, кітап оқимын деп өз ұсыныстарын білдіріп отыр. Сол себепті 30 қазанға дейін ұзартылды.
Марафон кітап оқуға ғана емес, кітапханаларға деген қызығушылықтың артуына да ықпалын тигізді. Мамандардың айтуынша, келушілер қатары көбейді. Олар түрлі кітаптарды жұмыс немесе оқуына байланысты ақпарат іздеу үшін, сонымен қатар білімін жетілдіру мақсатында да алады. Айта кетейік, соңғы алты айда Қонаев қалалық кітапханасының қоры 5 552 кітаппен толыққан.
АЙДАНА ДӘУЛЕТОВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
- Бұрын бізде бес мыңға жуық оқырман болса, қазір олардың саны 17–18 мыңға жетті. Яғни, оқырман саны төрт есе артты. Күн сайын кітапханаға 100–150 адам келеді. Сонымен қатар кітап қорын үнемі толықтырып отырамыз. Басты мақсатымыз — оқырманға мол таңдау ұсыну.
Марафонға қатысу жаңа біліммен қатар, қомақты қаржылай сыйлыққа да жол ашады. Бірінші орынға - 600 мың, екінші орынға - 450 мың, үшінші орынға 300 мың теңге беріледі. Финалистер дипломдар мен электронды сертификаттарға да ие болады. Марафон 2027 жылдың наурыз айының ортасына дейін жалғасады. Әр кезеңде тапсырмалар жаңарып отырады. Қатысушылар қазақстандық авторлардың шығармаларымен қатар, әлем әдебиетінің үздік туындыларын да оқиды. Бұл оқырмандардың білімін шыңдап қана қоймай, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түседі.