Уақытқа бағынбаған әндер
Ұлттық ән өнерінің өрісін кеңейтіп, өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізген Жақсылық Мырқаевтың есімі ел жадында. Өмірден ерте озса да, соңына өшпес із қалдырған әншінің 70 жылдығына орай Ұйғыр ауданында «Өнегелі өмір – өшпес есім» атты еске алу кеші өтті. Шарада өнер иесінің шығармашылық мұрасы ұлықталды.
Кешке жиналған қауым алдымен Жақсылық Мырқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Одан кейін «Қарадала» халық театры сахналаған әншінің өнер жолы мен азаматтық болмысын арқау еткен тағылымды қойылым көрермен назарына ұсынылды.
КӘМИЛА СЕРІКБАЙҚЫЗЫ – Ж. МЫРҚАЕВТЫҢ ЖАРЫ
- Бүгін Жақсылығымды еске алып жатқан Ұйғыр ауданының әкімшілігіне, мәдениет үйінің басшыларына, туған-туыстарға көп-көп рақмет айтамын. Өте керемет өтіп жатыр. Жақсылықтың атында байқау ұйымдастырылып жатқанына қатты ризамын. Жақа өзі керемет адам еді ғой. Өте ақылды, парасатты, иманды, қарапайым, адамгершілігі мол жан болатын. Үш баланың әкесі еді. «Екі гүлім, бір ұлым» деп отыратын.
Мерейтой аясында «Әнмен өрілген ғұмыр» атты дәстүрлі ән байқауы да ұйымдастырылды. Оған Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек, Панфилов және Ұйғыр аудандарынан он өнерпаз қатысты. Қатысушылар халық әндері мен дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындап, өз шеберліктерін ортаға салды.
ӘЛДІБАЙ ТАҢЖАРЫҚ – БАЙҚАУДЫҢ БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ
- Өзім Жетісу жерінде, Ұйғыр ауданының Ақтам ауылында дүниеге келдім. Жастайымнан өнерге қызығып өстім. Өнер жолына келуіме Жақсылық Мырқаев атамыздың үнтаспалары себеп болды десем, артық айтқаным емес. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Әр өңірден келген өнерпаздардың дайындығы тың болды. Солардың арасынан бас жүлденің маған бұйырғанына қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға және аудан әкімдігіне алғыс айтамын.
Жақсылық Мырқаевтың өнері - бір дәуірдің үні ғана емес, кейінгі буынға аманат болған рухани мұра. Алдағы уақытта да оның әндері шырқалып, есімі жас өнерпаздардың жадында жаңғыра бермек.