Astana Media Week: «Qonaev Media» ұлттық сыйлыққа үміткерлер қатарында
Орталық Азиядағы ең ірі медиафорумның бірі - Astana Media Week өз мәресіне жетті. Ауқымды медиа жобаға биыл алғаш рет «Қонаев Медиа» телеарнасы қатысып, үздіктер қатарынан табылды. Дәлірек айтсақ арнамыздың «Таза мекен» бағдарламасы «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығының «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясында бақ сынады.
Мыңнан астам телевизия, баспасөз, интернет және радио өкілі. Медиа саласының үздіктері үш күн бойы бір алаңға жиналды. Ауқымды шарада биыл жасанды интеллектінің медиаға ықпалына ерекше мән берілді. Форумда сондай-ақ, ақпараттық саясат, креативті индустрия мен медиа бизнестің жаңа модельдері де сөз болды.
ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ
ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
«Әрбір техникалық құралдың өз тәуекелдері болады. Сондықтан жасанды интеллектінің де тәуекелдері бар. Мәселен, ол дипфейк арқылы жасап, жалған ақпарат таратуға үлкен мүмкіндік береді. Бірақ бұл жерде біз редакциялармен, онлайн платформа әкімшілігімен медиасауаттылықты арттыру керекпіз. Көрермендерімізге нақты ақпарат жеткізуіміз керекпіз.»
Биыл алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздары анықталды. Байқауға 12 аталым бойынша 600-ден астам журналист өтінім берген. Ақтық кезеңге «Қонаев Медиа» телеарнасының «Таза мекен» бағдарламасы «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша өтті. Бұл құрылғанына небәрі бір ғана жыл болған арна үшін үздік көрсеткіш. Бағдарламада экология, тазалық және өзіміз өмір сүріп жатқан ортаға деген жауапкершілік туралы баяндалады.
Еске сала кетейік, Astana Media Week 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.