Су қоймасына 700 мың шабақ жіберілді

Қапшағай су қоймасы мен Іле өзеніне 700 мың дана тұқы тұқымдас балық шабағы жіберілді. Мұндай шара «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы «Өзендерде балық қорын молайту» акциясы аясында ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік орган өкілдері, балық шаруашылығы саласының мамандары, жастар мен еріктілер қатысты.  «Таза Қазақстан» – тек көше бойындағы тазалық шарасы ғана емес. Табиғат ананы көзің қарашығындай қорғап және қоршаған ортаға үлкен жауапкершілікпен қарауға бағытталған жалпы ұлттық бастама. Оның маңызды бағыттарының бірі – су экожүйесін сақтап, балық қорын молайту. Өткен жылы аймақтағы су айдындарына 3 млн данаға жуық балық шабағы жіберілген.


БАҚЫТНҰР БАҚЫТҰЛЫ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Іле өзеніне балық шабағын жіберіп жатырмыз. Облыстың жоспарына сәйкес 2026 жылға бізде 4 млн шабақ жіберу қарастырылған. Оның ішінде 700 мыңын біз әкімшілік ретінде жібереміз, 3,3 млн балық шабағын осы біздің балық шаруашылығында істейтін кәсіпкерлер өздері жібереді.

Өзенге шабақ жіберу акциясы аяқталған соң «Жасыл ел» мүшелері тазалық шараларына білек сыбана кірісті. Олар көшпенділер қалашығының маңайын қоқыстан тазартты. Айта кетсек «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыста жыл басынан бері осындай 500-ден астам іс-шара өткен.

АЯЖАН БОРАНБАЕВА - АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ
- Бұл шаралардың басты мақсаты – елімізге деген сүйіспеншілікті көрсету. Осындай кіші-гірім экологиялық акциялардың арқасында жалпы тазалық акцияларын қолдау, ұйымдастыру. Қазіргі таңда «Жасыл ел» еңбек жасақтары екінші айын бастады өзінің. Жалпы облыс бойынша бізде 700-ден астам жасақшы жұмыс жасап жатыр.

Алматы облысы бойынша көктемнен бері 33 жалпы өңірлік сенбілік ұйымдастырылып, оған 800 мыңға жуық адам қатысты. Нәтижесінде 17 мың тонна қоқыс шығарылып, 10 мың гектардан аса аумақ тазартылған. 

Сондай-ақ оқыңыз: