Тозығы жеткен үйлер
Қонаевта апатты деп танылған тұрғын үйлер сүріліп, орнына заманауи көпқабатты үйлер салынады. Қаладағы бірқатар баспананың тозу деңгейі 70, тіпті 100 пайызға жеткен. Қазір тұрғындарды көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Инвентарная көшесіндегі екі қабатты қамыс қаңқалы үйлердің іргесі 60-70-жылдардың басында салынған. Бүгінде олардың әбден тозығы жеткен. Сондықтан жаңа үйлер бой көтергенше, қажет болған жағдайда, уақытша тұрғын үй беріледі. Қазір тағы төрт үйдің тұрғындарын көшіруге дайындық жүріп жатыр. Бұл үйлерде барлығы 32 пәтер бар. Қала бюджетінен тұрғындарға арнап 10 пәтер сатып алынған. Тағы бесеуін алу жоспарланып отыр. Қалған пәтерлерді сатып алу мәселесі қосымша қаржының бөлінуіне байланысты шешілмек. Әзірге жауапты мамандар тұрғындармен байланысып, жаңа баспананың қолжетімді нұсқаларын ұсынып, қажетті құжаттарды рәсімдеуде. Айта кетейік, үйлерді бұзу жұмыстары барлық тұрғын жаңа баспанаға көшіп, пәтерлерін толық босатқаннан кейін ғана басталады.
МАДИНА СЕЙІТОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
«Бұл үйлер апатты деп бекітілген соң, тұрғындарға бөлмесіне сай жайлы баспана беріледі. Егер мұнда бір бөлмелі пәтер болса, сүрілгеннен кейін дәл сол жерге салынатын жаңа үйден пәтер беріледі. Сонымен қатар олар үшін үйлер сатып алынып, баспанамен қамтамасыз етіледі.»