Спортта шекара жоқ
Іле ауданында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында облыстық жарыс өтті. Игі шара Дүниежүзілік мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай ұйымдастырылған. Спорттық сайысқа облыстың барлық өңірлерінен жүздеген параспортшы қатысты. Жарыс бағдарламасында 100 метрге жүгіру, қол күресі, дойбы және тағы басқа спорт түрлері бар. Қатысушылар күш-қуаты мен төзімділігін, стратегиялық ойлау қабілеті мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Жарыстың басты мақсаты – бейімделген спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және барлық спортшыға тең мүмкіндік беру.
МЕРЕЙ ӘЙНЕКОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ СПОРТТЫҚ ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- 100-ден аса қатысушылар бар. Жарыс үш түрінен өтеді: 64 дойбы, қол күресі және жеңіл атлетика. Демеушілер есебінен 1 миллион теңге призовой қойылды, жүлде бар. Бұл жарыстың негізгі мақсаты – әр ауданнан келген спортшылар бір-бірін көрсін, бір-бірін танысын, жеңіске деген құштарлық болсын деп ұйымдастырылып отыр.
Қатысушылар үшін бұл сайыс – өз мүмкіндіктерін танытып, ниеттес жандардың қолдауын сезіну. Спортшылардың айтуынша, мұндай кездесулер оларды жігерлендіріп, жаңа белестерді бағындыруға ынталандырады.
МӨЛДІР ҚҰРМАНҒАЗЫ
ПАРАПАУЭРЛИФТИНГ СПОРТШЫСЫ
- Штангамен айналысамын, жарыстарға қатысамын, атмосферасы күшті, барлығы ұнап жатыр, жарыстар әдемі.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік спортшылар мен үздік командалар анықталды. Жалпы командалық есепте Қарасай ауданы бірінші орын иеленді. Қонаев қаласы екінші орынға тұрақтаса, үздік үштікті Талғар ауданы түйіндеді.