Бельгиямен байланыс беки түспек
Елімізге Бельгиялықтар Королі Филипп пен патшайым Матильда мемлекеттік сапармен келді. Астана қаласында корольдік жұпты ресми қарсы алу салтанаты өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарды екі ел арасындағы әріптестікті жаңа белеске көтеретін тарихи оқиға деп бағалады. Қазақстан мен Бельгияны көпжылдық дипломатиялық байланыс пен өзара сенім байланыстырады. Король Филипп Қазақ елінің қонақжайлылығына зор алғыс білдірді. Әрі Бельгияның Орталық Азияға деген қызығушылығының бұрынғыдан арта түскенін жеткізді. Сапар аясында Астанада қос елдің Іскерлік кеңесі бас қосып, логистика мен ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты талқылады. Сондай-ақ іргелі компаниялар мен университеттер арасында бірқатар келісімге қол қою жоспарланған.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Келер жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 35 жыл толады. Сіздің сапарыңыз осы айтулы күнге тың серпін. Бельгия - Қазақстанның сауда серіктесі. Сондай-ақ еліміз экономикасына инвестиция құятын жетекші он мемлекеттің қатарына кіреді. Мұны Қазақстанның экономикалық болашағына деген сенімнің дәлелі деп білемін»