Ауыл рухы-ұлт рухы

Қазақ үшін ауыл – алтын бесік, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі, салт-дәстүрдің алтын арқауы. Туған жердің қадірін ұғындырып, ұлттық өнерді ұлықтаған «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала мәдениет күндеріне арналған мерекелік іс-шара Қонаев қаласында өтті. Мәдени басқосуда ауыл мен қала мәдениетінің сабақтастығы дәріптеліп, ұлттық құндылықтарды сақтау мен өнерді өркендетудің маңызы айқындалды.

Қазақтың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрі мен ұлттық өнері – ел руханиятының өзегі. Осы құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен мерекелік іс-шарада ауыл мәдениетінің орны айрықша аталып, өнер мен дәстүрдің сабақтастығына мән берілді. Көрмеге ұлттық нақыштағы қолөнер туындылары, этностильдегі киім үлгілері мен отандық өнімдер қойылды. Шеберлердің еңбегі арқылы халқымыздың бай мұрасы мен төл өнері дәріптеліп, ауылдың өзіндік болмысы мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталып келеді.

ФАТИМА АҚЫЛБЕКОВА
«ҚАЗЫНАЛЫ» АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
- Бізге өте ұнады. Өзіміз бірінші рет қатынасып отырмыз. Мына жердегі жүргізіліп жатқан іс-шара өте ұнады. Өткенге салауат, қазіргіге шүкіршілік, келерге ниет дейді ғой. Ниеттеріңіз аман болсын, ел-жұртым аман болсын. Бәріміз осындай іс-шараға қатысып жүре берейік.

Мерекелік басқосудың мазмұны ұлттық мұраны ұлықтаумен ғана шектелмеді. Ол ауыл мен қала мәдениетінің өзара байланысын көрсетіп, жергілікті өнерпаздардың шығармашылығына назар аударды. Қонаев қаласында мәдениет саласында жүзеге асқан бастамалар да осы рухани өрістің кеңеюіне ықпал етіп келеді. «Қонаев әуендері» ансамблінің құрылуы, Жастар театрының жұмысын бастауы, ауылдарға ұйымдастырылған көшпелі концерттер мен «Шеңгелді Fest» мәдени шарасы өнердің ел ішіне кеңінен таралуына жол ашты.

ЕРЖАН ТОҚТАР 
АҚЫН, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- Рухани жаңғыру дейді ғой. Салт-дәстүрімізді тірілту және де ата-бабамыздың сонау ғасырлар қойнауынан келе жатқан ғұрпын, одан кейін ұлаң-ғайыр жұртын, салт-дәстүрін, тілін, дінін соның бәрін нақты көрсететін осы іс-шара болып табылады. Жылдан-жылға осы Алматы облысының барлық аудандары осы екі қаласы болсын тек қана салт-дәстүрді дамыту, өсіру, өркендету жағдайы өте жақсы белең алып жатыр. 

Мәдени күндер легі алдағы уақытта Балқаш, Қарасай және Жамбыл аудандарында жалғасады. Өңірлердің өнері мен мәдениетін тоғыстырған шаралар қорытындысында үздіктер анықталып, көпшілікке таныстырылады. Бұл бастама әр ауданның өзіндік ерекшелігін айшықтап, ұлттық өнердің насихатталуына тың серпін бермек.

Сондай-ақ оқыңыз: