Іздеу

Шапағат Мырзабекова

Жаңалықтар жүргізушісі

Журналистика — менің таңдауым!
Журналист мамандығы туралы мен мектеп кезімде-ақ ойлана бастадым. Мені әрдайым оқиғалардың ортасында болу, маңызды сұрақтар қою, шындықты іздеу және қоғаммен маңызды ақпаратпен бөлісу мүмкіндігі қызықтыратын. Уақыт өте келе мен бір нәрсені түсіндім: журналистика — жай ғана мамандық емес. Бұл — жауапкершілік, батылдық және ішкі адалдық.
Журналист — қоғам мен оқиғаның арасын жалғайтын тұлға. Ол күрделі мәселелерді түсіндіруге, әртүрлі көзқарасты тыңдауға және жағдайды тұтас көруге көмектеседі. Мен үшін халыққа тек тексерілген, шынайы ақпарат ұсыну аса маңызды. Себебі әрір сөздің өз құдіреті бар, ал сол құдіретті біз саналы әрі жауапкершілікпен пайдалануымыз қажет.
Менің кәсіби жолым «Хабар» телеарнасында басталды. Онда мен орыс тілінде жаңалықтар дайындадым. Бұл кезең мен үшін тәртіптің, жеделдіктің және әр сөзге жауапкершілікпен қараудың мектебі болды.  
Кейін «КТК» телеарнасында еңбек жолымды жалғастырып, жаңалықтарды ана тілім — қазақ тілінде дайындай бастадым. Екі тілде жұмыс істеу кәсібилігімді кеңейтіп, әртүрлі аудиториямен еркін тіл табысуға мүмкіндік берді. 
Келесі кәсіби белесім — «Qonaev Media» телеарнасы. Мұнда мен жаңалықтар дикторы қызметін атқарудамын. Тікелей эфирге шығу — үлкен жауапкершілік пен көрермен сенімін ақтауды талап етеді. Бұл тәжірибе мені жинақылыққа, ішкі беріктікке және күнделікті ақпарат ағымында көрерменге тірек бола білуге үйретеді. 
Журналистика — нақты жұмыс кестесі мен жеңіл міндеттерден тұрмайды. Бірақ ол — үздіксіз қозғалыс, даму және қоғам өміріне белсенді араласу. Мен жаңа білім алуды, өрісімді кеңейтуді және өзекті тақырыптар төңірегінде мазмұнды пікір алмасуды жақсы көремін.
Мен үшін журналистика — жүрек қалауымен таңдалған жол. Және мен осы жолда кәсіби ұстанымдарыма адал болып, аудиторияма деген құрметімді сақтай отырып, алға қадам баса беремін.