Досжан Қымбат Абсадыққызы
Бас продюсер
Қымбат Досжан - Қызылорда қаласында туған. Темірбек Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және кино институтының «театр және кино актері» мамандығы бойынша бітірген.
Телевизиялық мансабын 1984 жылы Қазақ телевизиясында диктор ретінде бастап, 1997 - 2016 жылдар аралығында ақпараттық бағдарламалардың жүргізушісі әрі атқарушы продюсері болып қызмет етті. 2003 жылдан бері Қазақ телерадио эфирінде «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болып еңбек етіп келеді. «Мың алғыс» қайырымдылық телерадио марафондары арқылы әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсетумен айналысады. Әр жылдары ҚР жоғары білім министрлігінде, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде, «Қазақ радиолары» мен «Балапан» телеарнасында басшылық лауазымдар атқарды . Радиода авторлық бағдарламалар жүргізіп, « Абай» телеарнасындағв мәдени-танымдық жобалардың авторы әрі жүргізушісі.
2025 жылдан бастап Qonaev Media телеарнасының бас продюсері қызметін атқарады.
Мәдениет, білім беру және әлеуметтік тақырыптар – оның кәсіби қызметіндегі тұрақты басым бағыттар. Телевизиялық жұмыспен қатар, Қымбат Досжан Қазақстанда және шетелде өтетін қоғамдық-мәдени жобалар мен концерттік бағдарламаларға продюсерлік етіп, концерттер жүргізеді.
Қымбат Досжан – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, жоғары санатты диктор. Көпжылдық жемісті еңбегі мен отандық журналистика мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының медалімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденімен марапатталған.