Туған жер жырымен тербелген кеш
Райымбек ауданында ақын, жерлес Батық Мәжитұлының 75 жас мерейтойына орай «Ататолғау» атты танымдық жыр кеші өтті. Шығармашылық кеште ақынның туған жерге деген сүйіспеншілігін, ел тарихы мен ұлттық рухты арқау еткен өлеңдері оқылды. Кештің алғашқы бөлімінде Батық Мәжитұлы «Ататолғау», «Жерұйық менің мекенім» атты өлеңдерін оқып, туған өлке туралы толғанысын жеткізді. «Мұқағалимен мұңдасу» бөлімінде ақын қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы ой бөлісті. Көрермендер назарына ақынның архивтік суреттері мен қолжазбалары ұсынылып, әдеби мұрасының маңызы сөз болды. Ал «Ақынмен сырласу» бөлімінде көрермендер мерейтой иесіне сұрақтарын қойып, еркін форматта пікір алмасты. Кеш соңында ақынның «Ақ тілеу» өлеңі оқылып, тағылымды шара ақжолтай тілектермен қорытындыланды.