Мейірім мен мүмкіндіктер мерекесі
Республика күні қарсаңында Талғар ауданындағы «Ақ жол-М» балаларды оңалту орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, балаларды мерекемен құттықтады. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау, қоғамға бейімделуіне ықпал ету және әрқайсысына тең мүмкіндік қалыптастыру.
Оңалту орталығы 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда 1500-ден астам бала оңалту көмегін алған. Қазір 252 бала есепте тұр. Жыл басынан бері 319 бала қабылданған. Мекеме бір мезгілде 350 балаға қызмет көрсете алады. Балалардың қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Республика күніне орай ұйымдастырылған «Әр бала – елімнің жарқын жұлдызы» атты мерекелік шарада тәрбиеленушілер өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ балалардың қолөнер бұйымдары мен шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.
МҰХАМЕДАЗИЗ НҰРАХМЕТОВ
ДИРЕКТОР ОРЫНБАСАРЫ
- Орталықта логопедтер мен психологтар жұмыс істейді. Сонымен қатар балалар қазақ және ағылшын тілдерін меңгеріп, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыка және актерлік шеберлік сабақтарына қатысады. Балалардың жан-жақты дамуына басымдық беріліп, күнделікті өмірге қажетті дағдыларды қалыптастыру мақсатында ас әзірлеу де үйретіледі. Орталықтағы барлық қызмет тегін көрсетіледі. Қызметтер әлеуметтік қорғау жүйесі арқылы ұйымдастырылған.
Мұнда балаларға медициналық, физикалық және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, емдік дене шынықтыру, бейімделген дене жаттығулары, бассейн, массаж, физиотерапия және транскраниалдық магниттік стимуляция терапиясы қарастырылған. Тұрмыстық дағдыларын дамыту мақсатында ас әзірлеуді де үйренеді.
БАҒДАТ ЕСТАЙ
ЕМДІК ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ҰСҚАУШЫСЫ
- Көптеген жетістіктер болып жатыр бізде. Еңбектеп жүру, отыру, аунаудың өзі бәрі қалыптасып, рет-ретімен болып жатыр. Соңында баланы күні-бойы жүргізіп қана қоймай, жүгірту де болып жатыр. Бізде операциядан кейінгі балаларды да, гипстен шешілгеннен кейінгі балаларды да жүргізіп, өз қалпына келтіріп, қимыл қозғалысын қалпына келтіруге жұмыстар жасап жатырмыз
Орталықтың көмегіне еліміздің өзге өңірлерінен де жүгінетіндер бар. Мұнда Алматы, Қызылорда, Қарағанды қалаларынан және Ақмола облысынан келген балалар тегін оңалту қызметтерін алады. Тіпті Ресейден келген балалар да бар. Орталықтың басты мақсаты – әр баланың қажеттілігіне сай қолдау көрсетіп, оның дамуына және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау.