Демалыс аймақтары
Алматы облысында жазғы маусым қыза түсті. Өңірде мәдени, спорттық және ойын-сауық іс-шаралары көп. Биыл Астана күні дүйсенбіге сәйкес келіп, қазақстандықтарды үш күндік демалыс күтіп тұр. Осыған орай, мерекелік демалысты қызықты әрі пайдалы өткізуге болатын орындарға шолу ұсынамыз.
Облыс аумағында жазғы демалыстың мазмұнды әрі қызықты бағдарламалар бар. Түрлі концерттер, фестивальдер, спорттық жарыстар мен отбасылық мерекелер өтпек.4 шілде күні Қонаев қаласы, Қапшағай су қоймасының жағалауында «Oceanman Kazakhstan» халықаралық ашық суда жүзу турнирі басталады. Бұл – әлемнің әр түкпірінен кәсіби спортшылар мен әуесқой жүзушілерді жинайтын ең ірі жарыстардың бірі. Дәстүрге айналған бәсеке жағалауды ауқымды спорттық мерекеге айналдырады. Ал 4 және 5 шілде күндері Іле ауданы, Мұхаметжан Түймебаев ауылында OYU Fest 2026 мерейтойлық фестивалі ұйымдастырылады. Бұл – қазақстандық заманауи музыка мен мәдениеттің ірі фестивалі саналады. Бағдарламада танымал әртістер өнер көрсетіп, шеберлік сағаттары мен түрлі интерактив алаңдар қарастырылған.Сонымен қатар, Астана күніне арналған үлкен концерт Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта өтеді. Кеште облыстық филармония әртістері, шығармашылық ұжымдар және отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.Демалыс күндерін тек іс-шаралармен емес, табиғат аясында да өткізуге болады. Алматы облысы – көрікті жерлерге бай өңір.Шарын шатқалы – Қазақстандағы ең ерекше табиғи нысандардың бірі. “Қамалдар аңғары” қызыл жартас пішіндерімен ерекшеленіп, туристерді ерекше әсерге бөлейді.Көлсай – үш бірдей әсем көлден тұратын табиғи кешен. Бұл жер жаяу серуендеуге, табиғат аясында тынығуға және белсенді демалысқа өте қолайлы.Қайыңды көлі – су астында қалған ағаштарымен танымал ерекше орын. Табиғаттың бұл көрінісі туристер үшін ең әсерлі бағыттардың бірі саналады.Түрген шатқалы – әйгілі сарқырамаларымен танымал. Мұнда орман ішіндегі соқпақтармен серуендеуге болады. Жолы қолжетімді болғандықтан, отбасылық демалысқа да ыңғайлы.Есік көлі табиғатымен ғана емес, тарихи маңызымен де ерекшеленеді. Бұл өңір “Алтын адам” табылған жер ретінде белгілі. Көлі маңында серуендеп, таудың таза ауасымен тынығуға болады.Ұзақ демалыс – жаңа әсер алып, тынығуға тамаша мүмкіндік. Алматы мен Алматы облысында әркім өзіне лайық демалыс түрін таба алады: бірі – фестиваль мен концертті таңдаса, енді бірі – табиғат аясындағы тыныштықты қалайды. Ең бастысы – уақытты тиімді пайдаланып, жақсы көңіл күймен оралу.