Тұлға.Тағылым.Мұра
Биыл қазақтың ұлттық мәдениетін жаңғыртуға, музыкалық мұраны зерттеу мен сақтауға зор үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібектің туғанына 95 жыл. Осыған орай Алматыдағы Ықылас атындағы музейде «Тұлға. Тағылым. Мұра» атты мәдени іс-шара өтті. Жиында арнайы экспозиция ашылып, архивтік құжаттар көпшілік назарына ұсынылды. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Ұлттық мұраны ұлықтау ұлттың өзіне, дәстүрі мен мәдениетіне жасалған құрмет. 1981 жылы Алматыда осындай мақсатта халық музыкалық аспаптар музейі есігін айқара ашты. Бұл – жай ғана жәдігер сақтайтын орын емес, ұмыт бола бастаған өнерді қайта жаңғыртуға жол ашқан рухани ошақ болды. Музейдің құрылуы жолында этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі ерен. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің бастамасымен ел ішінен көне аспаптар іздестіріліп, халықтың асыл мұрасы бір шаңырақ астына жинақталды.
ЛӘЗЗАТ САҒЫНДЫҚОВА
«АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІ» МЕМЛЕКЕТІК МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Музей бұл тек ғана тарихи мұрамызды сақтап отыратын орын ғана емес ол біздің тарихи жадымызды жаңғыртатын, өскелең ұрпақты ұлттық құндылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін қасиетті шаңырақ. Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптар музейі еліміздегі, жалпы орталық азиядағы бірегей музей.»
Ықылас музейін сөз еткенде, «Сазген сазы» ансамбліне айтпай кету мүмкін емес. 1981 жылы Өзбекәлі Жәнібеков музей қызметкерлерін бір мақсатқа жұмылдырып, ұлттық мұраны жаңғыртуды қолға алды. Осылайша ұмыт бола бастаған төл өнерді кейінгі буынға жеткізуді көздеген шығармашылық ұжым қалыптасты.
БАҒДАТ ТІЛЕГЕНОВ
«САЗГЕН САЗЫ» ФОЛЬКЛОРЛЫҚ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ АНСАМБІЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
«Нарқобыз, қылқобыз, жетіген сыбызғы сазсырнай, шертер сияқты аспаптарды жаңғыртып, қайтадан бұларға өмір бітіріп, 50- 60 жылдардан бастап, 80 жылдардың басына дейін домбыра және қобыз деп елдің бәрі біліп жүрді. Бірақ одан басқа 20 дан астам қазақтың көне аспаптары болды. Олар әрине кенжелеп қалды. Сол аспаптарды жаңғырту, жастарды баулу ретінде осы мақсатпен «Сазген» ансамблі құрылды.»
Музейінің қорында 1400-ге жуық құнды жәдігер сақталған. Мұнда ерте кезеңдерде бақсы-балгерлер пайдаланған көне бұйымдардан бастап, елге белгілі ұлы тұлғалар, жыршы, әнші, күйші-сазгерлер тұтынған ұлттық аспаптарға дейін жинақталған. Қобыз, домбыра, сырнай, сыбызғы сынды дәстүрлі аспаптардың сан алуан үлгісі келушілерге қазақтың бай музыкалық мұрасынан сыр шертеді. Музей экспозициясы шетелдік үлгілермен де толығып келеді. Бүгінде мұнда қазақ халқының 40-қа жуық ұлттық аспабы және әлемнің 50-ге тарта елінің мәдениетін танытатын музыкалық мұралар қойылған.