Ән әлемінің алыбы
Алматы музейінде халық әртісі, опера әншісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Дәуірдің дара тұлғасы» атты көрме ашылды. Көрмеде өнер иесінің өмірі мен шығармашылығын қамтитын құнды экспонаттарды көруге болады. Іс-шараға әншінің жақындары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, оның қазақ мәдениетіне қосқан үлесін айтып, жарқын бейнесін еске алды.
Ермек Серкебаевтың шығармашылық жолы 1947 жылы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында Абай партиясын орындаудан басталды. Әнші «Біржан - Сара», «Евгений Онегин», «Севиль шаштаразы» сынды классикалық операларда басты партияларды шебер сомдаған. Көрмеге Абай рөлін орындаған кезде киген әйгілі костюмі қойылды.
БАЙҒАЛИ СЕРКЕБАЕВ
ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
«Әкемнің мерейтойын бүкіл ел болып, қалың жұртшылықтың осындай ықыласпен атап өтіп жатқанына қуанамын. Ермек Серкебаевты Қазақстанда ғана емес, шетелде де жақсы таниды. Ол шын мәнінде халықтың сүйікті өнерпазы, елдің мақтанышы болды»
Ермек Бекмұхамедұлының әншілік қабілеті бір төбе, актерлік өнері де жоғары бағаланған. Ол 1957 жылы Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде Тәкеннің рөлін сомдады. Сондай-ақ 1968 жылы «Тақиялы періште» фильмінде Шыңғыстың рөлін ойнады. Келушілер назарына өнер иесінің өмірі мен шығармашылық жолын айшықтайтын жеке заттар мен құнды жәдігерлер қойлды.
АҚЖАН АНАПИЯ
ТІЛШІ
«Бұл рояль 2018 жылы Алматы музейінің қорына табысталған. Ермек Серкебаевтың архивтегі суреттеріне назар аударсақ, әншіні осы рояльдің жанынан жиі көреміз. Өнер иесі бұл аспапты ерекше жақсы көрген деседі. Тіпті рояльде өзінен басқа ешкімнің ойнауына рұқсат бермеген.»
МҰРАТ СЕРКЕБАЕВ
ҚР ХАЛЫҚ ӘРТІСІ
«Алдымен осы шараны ұйымдастырған Алматы музейіне және Ермек Серкебаевтың мерейтойын қолдаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіремін. Мен оркестр жетекшісі ретінде ол кісімен бірге көптеген шығарманы жазғанымды мақтан тұтамын. Оның репертуары өте кең еді. Академиялық музыкадан бастап, классика, халық әндері мен әскери шығармаларға дейін орындады»
Әрбір жәдігер – өнер иесінің адами келбетін танытады. Көшпелі көрме бір ай бойы Алматы музейінің төрінен орын алады.