Кітапқа құштар 100 мың оқырман
Республика күні қарсаңында Алматы облысында «Кітап оқитын ұлт» марафонының үздік қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысты. Зияткерлік жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру. Облыс бойынша марафонға 100 мыңнан астам оқырман тіркелген. Жоба шарты бойынша қатысушылар 12 күн ішінде үш кітап оқып, ұсынылған тапсырмаларды орындауы тиіс. Тапсырмаларды талапқа сай орындап, жоғары ұпай жинаған оқырмандар үздіктер қатарынан көрінді. Жеңімпаздарды анықтау үшін жеті номинация белгіленіп, әр бағыт бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды.
ҒАЛИЯ ТОҚАБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- Әр 12 күн сайын ол демек жаңарып отырады, өйткені 15 кітап қазір міне үш кітап аяқталды. Бүгіннен бастап төртінші кітап ашылды, сол төртінші кітап міне қарашаның біріне дейін оқып бітіру керек, одан кейін өзінің пікірін сол өзінің жеке кабинетіне салу керек.
НҰРГҮЛ НӘБИЕВА
«КІТАП ОҚИТЫН ӘУЛЕТ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
- Біз марафонда күніне бір 20-30 бет оқуға тырысып жүрміз жане де кейбір кітаптарды біз 15 емес, 10 күнде оқып бітірдік. Негізі, жүйеде 15 кітап тағайындалған. Оның кезегін өзіміз таңдай аламыз. Сондықтан мен бастапқысында балаларға қызық болсын жане жеңілдеу болсын деп сондай Жюль Верн, Даниель Дефо кітаптарын қойдым.