Қарсақбаев салған дара жол

Биыл қазақ киносының құлагері Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Мерейтой ЮНЕСКО аясында қолдау тапты. Алматы облысында да айтулы дата кең көлемде аталып, режиссердің рухына құрмет көрсетіліп жатыр. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында киногердің мұрасы дәріптеліп, еске алу шарасы өтті. Толығырақ әріптесім Ақжан Анапия әңгімелейді.

Абдолла Қарсақбаев қоғамдағы өзекті мәселелерді кішкентай кейіпкерлер, яғни балалардың болмысы арқылы жеткізді. Оның әр туындысынан ұлттық болмыс айқын аңғарылады. Қазақ киносының тарихында дара жолын салған режиссердің есімі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аудиторияларының біріне берілді. Еске алу шарасында Абдолла Қарсақбаевтың адами болмысы туралы әріптестері мен жақындары естеліктерімен бөлісті.

КЛАРА ҚАРСАҚБАЕВА 
АБДОЛЛА ҚАРСАҚБАЕВТЫҢ ЖҰБАЙЫ 
«Бір күні бір қап алманы үйге алып келе жатты. Үйге жетем дегенше әлгі алмаларды көшеде ойнап жүрген баланың бәріне таратып, үйге бір ғана алманы алып кірді. Міне ол қолындағы барын ешкімнен аямайтын осындай жомарт, мейірімді адам еді.. Абдолла расында ешкімге ұқсамайтын, ерекше жан еді. Оны тек бар қалпында қабылдау керегін түсініп, ғұмырымызды жалғадық.»

АРМАН ЖҮДЕБАЕВ 
ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ РЕКТОРЫ 
«Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жүз жылдық тойдың қарсаңында Абдолла Қарсақбаев атындағы биыл аудитория ашып жатырмыз. Әрине бұл кейінгі келе жатқан ұрпаққа үлкен өнеге. Өйткені олар білу керек. Осы кинорежисураның алдында кімдер тұрған, осыған қалай жеткен. Сондықтан осы мақсатта тәрбиелік мәні өте жоғары.

Кинорежиссер қазақ әдебиеті классиктерінің туынды желісімен бүтін бір буынды тәрбиеледі. «Болмаған балалық шақ», «Қилы заман», «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс» сынды түрлі туындылары келер ұрпаққа әлі күнге дейін өнеге. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында да бұл туындылар көптеп таңдалып жатыр. Академия қабырғасында жас режиссерлер қатысқан «Болмаған балалық шақ» студенттік конкурсының жеңімпаздары марапатталды. 

БОЛАТ ҚАЛЫМБЕТОВ 
ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ 
Т.ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ
«Фильмдері әрине жатты полкіде он жылдап. Бірақ ақыры бәрі экранға шықты. Халықтың көзайымына айналды міне. Бүгін сол туралы айтып жатырмыз. Көрдіңіз бе міне қалай. Әрқашанда шындық жүрген жерде, шындық айтылған әнгіме, жүректен шыққан ой ол қалай да болсын өмірге келеді ол. Ағаның кейіпкерлерінің бәрі Абдулла ағаның өзі. Бектас та өзі. Қожа да өзі.»

Кинорежиссердің балалық шағы соғыс пен ашаршылыққа тұспа тұс келді. Кино әлеміне қарапайым жұмысшы ретінде қадам басқан Абдолла кейін Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында білім алып, кәсіби режиссер ретінде қалыптасты. Оның әр туындысымен бірнеше буын өмір сүрді.  

АҚЖАН АНАПИЯ 
ТІЛШІ
«Менің атым Қожа» фильмін түсіргенде Абдолла Қарсақбаев небәрі 36 жаста еді. Жас режиссердің Франция төрінде өтетін Канн кинофестиваліне қатысуы сол кезде көптің ойына да кірмеген жайт болатын. Өйткені Кеңес Одағы тұсында ұлттық киноны халықаралық деңгейде таныту - үлкен жауапкершілік пен мәртебе.»

Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылық жолында достары мен әріптестерінің орны ерекше болды. Нұрғиса Тілендиев, Кененбай Қожабеков, Нұрмұхан Жантөрин, Сұлтан-Ахмет Қожықов – өнер жолында қатар жүрген үзеңгілестері. Режиссер Нұрғиса Тілендиевпен мектеп қабырғасынан таныс болған. Ұлы композитордың әуендері режиссердің көптеген фильмдеріне арқау болды. Ал Сұлтан-Ахмет Қожықовпен «Ана мен бала» картинасында бірлесіп еңбек етті. Бұл – қазақ киносының іргесін бірге қалаған, ұлттық өнердің өрісін кеңейткен тұтас бір буын еді.

Сондай-ақ оқыңыз: