Табиғатты қорғау: экобұзақылыққа қарсы күрес

Ұйғыр ауданында «Экологиялық вандализммен күресу жолдары, креативті шешімдер» атты облыстық семинар-тренинг өтті.

Басқосуға облыстық және аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты. Арасында Шарын ұлттық паркінің қызметкерлері мен жастар өкілдері де бар. Тақырыпты кеңірек тілшіміз толықтырады.

Шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық вандализмнің алдын алу және адамдардың табиғат анаға деген құрметін арттыру. Жиында экологиялық мәселелерге байланысты қоғамдық ұйымдардың рөлі мен жастар белсенділігін арттыру туралы кеңінен сөз болды.


ГҮЛНАРА ЖОШЫБАЕВА АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ 
«Бәрімізге белгілі жалпы Республикалық аналар кеңесі екі үлкен жобамен жұмыс жүргізеді.... Соның ішінде мысалы, нашақорлық, жаңағы лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және де ысырапшылдықты айтамыз. Енді Ұйғыр ауданында ерекше бір ұлттық парк болғандықтан, Шарын шатқалы, Ерен тоғайы болғандықтан және минералды сулар орналасқандықтан туристер өте көп келеді. Сондықтан да экологиялық вандализм тақырыбын семинар-тренингте сөз еттік. Бұл өте маңызды тақырып.»

Кездесу барысында қатысушылар туристік орындардағы тәртіп пен тазалықты сақтау, сондай-ақ экологиялық жауапкершілікті күшейту бағытындағы бастамаларды талқылады. Мамандар табиғатты қорғау ісі әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы қажет екенін атап өтті.

АЙДАНА БАТЫРХАНОВА  ШАРЫН ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«Жалпы осы адамзат баласының табиғат аясында экологиялық саналы түрде саяхат жасау, таза туризм қағидатын насихаттау барысында біз Ұлттық табиғи парктерде туристік маршруттардың бойындағы қоқыс жәшіктерін мүлде алып тастадық. Ондағы мақсат – әрбір адамның экологиялық жауапкершілікті өз мойнына алып, саяхат барысында қоқысын өзімен бірге алып кетуі.» 

Шара экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосқан белсенділер марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер қоршаған ортаға деген жанашырлықты арттырып, табиғатты келер ұрпаққа аман жеткізуге негіз болатынын айтып тарасты.

Сондай-ақ оқыңыз: