Жаңа медициналық пункт ашылды

Қонаев қаласында халыққа шұғыл және дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетуге арналған жаңа модульдік медициналық пункттер ресми түрде іске қосылды. Енді қала тұрғындары мен қонақтары төтенше жағдайда ең жоғары технологиялық алғашқы көмекті санаулы минуттар ішінде ала алады. Тақырыпты тілшіміз Жадыра Қуанышбек тарқатады.


Шағын ғимараттың іші шұғыл медициналық көмекке қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда кез келген уақытта науқастың жағдайын тұрақтандыруға арналған дефибриллятор, жарақаттарды өңдейтін стерильді құралдар мен инфарктқа қарсы арнайы жинақтар бар. Тіпті жарық өшіп қалған жағдайда іштегі барлық аппараттар үздіксіз қоректендіру көзінің көмегімен тоқтаусыз жұмыс істей береді.

ЕРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
бұл негізінде уникалды, ерекше жоба болып жатыр. Өздеріңіз білесіздер Алматы облысында 11 Республикалық деңгейде маңызы бар туристік аймақтар бар. Қайыңды бар, Көлсай бар, Шарын т.б сол жерде біздің жоба бойынша Алматы облысының қолдауы бойынша осындай жерлерде модульдік пунктар әр аймақта,  маңызы бар туристік аймақта қойылады және жарақат көп, автомобильдік, авария болған кезде, ДТП болған кезде сол аймақтарда тағы да орналастыруға біз жобалап отырмыз.

ЖАДЫРА ҚУАНЫШБЕК
ТІЛШІ
Сырттай қарапайым көрінгенімен, бұл пункттің іші ең заманауи технологиямен жабдықталған. Мысалы, мына қызыл "SOS" батырмасын бассаңыз жеткілікті, шақырту санаулы секундта облыстық жедел жәрдем станциясына жетеді. Ал диспетчер ішкі камералар арқылы жағдайды көріп, есікті сізге қашықтан ашып бере алады.

Бұл нысанның басты ерекшелігі-тұрғындар мен қала қонақтарына үзіліссіз, яғни тәулік бойы қызмет көрсетуінде. Модульдік медициналық пункттердің іске қосылуы шұғыл жағдайларға жауап беру уақытын айтарлықтай қысқартып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады- дейді мамандар. 


АЙМАН РАҚЫШЕВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл кешенде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті барлық құрал-жабдық бар. Егер адамға шұғыл көмек қажет болса, дәрігерлер мен фельдшерлердің бақылауымен өзіне алғашқы көмек көрсете алады. Мамандар оларды толық бақылап, бағыттап отырады. Осы аралықта жедел жәрдем бригадасы да жетеді. Одан кейін барлық науқастар Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізіліп, қажетті медициналық көмектің барлығы көрсетіледі

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
осындай алғашқы мед.пунк ашылғаны керемет болды. Бұл жерге көптеген саяхатшылар келеді, туристер келеді. Пунктің ашылғаны өте керемет, себебі скорый келуі кешігіп қалуы мүмкін, бір адамдарға көмектесіп қалуы мүмкін.  Көптеген случаилар болуы мүмкін. Алғашқы көмекті осы жерде бергені, ашқан кісілерге алғысымыз шексіз.


Заманауи технология мен медицинаны ұштастырған бұл бастама алдағы уақытта шұғыл көмекке мұқтаж талай жанның саулығын сақтауға септігін тигізбек. Тұрғындардың қауіпсіздігін күзететін модульдік пункттер бүгіннен бастап тәулік бойы жұмыс істеуге дайын.

Сондай-ақ оқыңыз: