Тау етегіндегі тәтті өнім

Ұйғыр ауданында омарта шаруашылығы дамып келеді. Табиғи өсімдіктерге бай аймақта кәсіпкерлер сапалы өнім өндіріп отыр. Биылғы маусым айында ауа райы  омарташылар үшін қолайлы болып, бал жинау науқаны қыза түсті. Тақырыпты тілші толықтырады.


Ара тек бал ғана бермейді. Омарташылардың айтуынша, жеміс ағаштарының гүлдеу кезеңінде табиғи тозаңдандыру жұмыстарын атқарып, бақ шаруашылығының шалқуына ықпал етеді. Ал ауа райы қолайлы болса Тәтті де шипалы өнім молынан жиналып, тәбиғат та түлеп отырады. 


ТАҢАТАР ӘБДІКЕРІМ      
ОМАРТАШЫ 
Биылғы маусым омарташылар үшін ерекше маусымның бірі деп айтуға болады, себебі биылғы жылы өсімдіктерден шырын өте мол мөлшерде бөлініп жатыр және де араларымыз жақсы өнімді жұмыс жасап жатыр. Сөзімнің дәлелі ретінде менде омартадағы 40 шақты ұя бар, дәл осы ұядан мамыр балын тарту кезеңінде біз 1 тоннаға жуық бал өндірдік. Бұл аралар карника тұқымдастарының қатарына кіреді. Аралар санының аздығына қарамастан мол мөлшерде шырын жинап, жоғары өнім бере алады.


Ұйғыр ауданының климаты мен географиялық ортасы омарта шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Тау етегіндегі алқаптарда өсетін сан түрлі гүлдер мен өсімдіктер аралардың қорек қорын молайтып, сапалы бал өндіруге мүмкіндік береді.


АРДАҚ ЫРЫСКЕЛДІ 
ҰЙҒЫР АУДАНЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ 
Қазіргі таңда ауданымызда 12 кәсіби омарташы 2100-ге жуық ара ұясымен табысты жұмыс істеп, жылына шамамен 40 тонна бал өндіруде. Бұл көрсеткіш өңірдегі саланың тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Омарташылардың жұмысы тек бал алумен шектелмейді, олардың бау-бақша шаруашылығына қосар үлесі зор. Атап айтқанда – өрік бақтарын сапалы тозаңдандыруда таптырмас көмекші. Дәл осы табиғи тозаңдану процесі жеміс өнімділігін арттырып, өріктің сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді.


Табиғат пен еңбектің үйлесімінен туған тәтті өнім. Қарадалалық омарташылар биыл да мол өнімге үміт артып отыр. Ал ара шаруашылығының дамуы ауданның аграрлық әлеуетін арттырып, ауыл экономикасына тың серпін береді.

Сондай-ақ оқыңыз: