Скрининг шарасы қолға алынды
Алматы облысында мемлекеттік қызметшілердің денсаулығы жіті тексеріліп, арнайы скрининг шарасы қолға алынды.
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, облыс әкімдігі алдына «Қазақстан халқына» қорының заманауи Жылжымалы медициналық кешені қойылды. Мамыр айының соңынан басталған бұл акция аясында дәрігерлер Талғар, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Кеген және Балқаш аудандарын аралады. Сөйтіп 450-ден астам мемлекеттік қызметкерді қамтыды. Тексеріс қорытындысы бойынша 223 маман денсаулығын тұрақты бақылауда ұстау үшін диспансерлік есепке алынған. Ал ақхалаттылар екі күн бойы Қонаевта компьютерлік томография, ультрадыбыстық тексеру және маммографиялық зерттеулер жүргізеді. Яғни 15-16 маусым күндері таңғы 9:00-ден кешкі 16:00-ге дейін тұрғындарға тегін қызмет көрсетпек.
ЖАНАР БОРАНБАЕВА
УЛЬТРАДЫБЫСТЫҚ ДИАГНОСТИКА ДӘРІГЕРІ
Бүгін Қонаев қаласында мемлекеттік қызметшілерге арнап скрининг өткізіп жатырмыз. Келушілер УДЗ, мамография және компьютерлік томографиядан өте алады. Біз осындай тексерістерді ұйымдастырып келе жатқанымызға міне, үшінші жыл болды. Жыл сайын осы шара арқылы қауіпті ісік ауруларының белгілерін, түрлі өзгерістерді ерте бастан анықтап жатамыз. Мақсатымыз да -осы ауруды асқындырмай, алдын алу
ЛӘЙЛӘ СЕРІКБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біздің негізгі мақсатымыз -тұрғындарды барынша көбірек қамтып, бұл жылжымалы кешендердің пайдасын арттыру. Сондықтан биыл жоспарды ұлғайтып, ауру белгілері анықталған азаматтарды бірден есепке алып, оларды жіті бақылауда ұстауды қолға алдық. Ең бастысы, МӘМС жүйесі мен тегін көмек шеңберінде оларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағын күшейтіп жатырмыз. Ал бүгін міне, осы мақсатта облыс әкімдігінің қызметкерлері үшін арнайы профилактикалық тексеру ұйымдастырдық