Жаңбырдан кейінгі жанталас

Бүгін Қонаев қаласында толассыз жауған жаңбыр аптап ыстықтың бетін қайтарғанымен, коммуналдық саланы біраз әбігерге салды. Жауын-шашынның берекесінен бұрын, салдарын көрген тұрғындар тағы да дабыл қағуда. Мәселенің мән-жайын келесі бейнематериалдан көрейік.


Мына бейнежазбаны редакциямызға 5-шағын ауданның тұрғындары жолдады. Олардың сөздерінше, сәл жаңбыр жауса есік алды көлге айналады. Артынша тұрғын үйдің жертөлесіне лап қояды екен. Бүгін олар тағы жиналды. Айтуларынша жертөлеге баратын жолды өз күштерімен зорға жауып үлгерген. Дегенмен, толассыз жауған жаңбырға күрекпен қарсы тұру мүмкін емес дейді.  


МИХАИЛ НИКОНОВ 
ТҰРҒЫН
Жаңбыр жауса болды, бізде осы топан су басталады. Міне, бүгін де жауын басталғаннан күрегімді алып шығып, жертөлеге баратын жолды жаптық. Дегенмен, ол қазір-ақ шайылып кетуі мүмкін. Негізі бұл жерде бұрын жертөлеге кіретін есік болған. Осылай су тола бергенсін, біз оны жауып тастағанбыз. Уақыт өте келе су ол топырақты шайып кетті. Бізге енді жоғары жақтан көмек керек, өз күшімізбен бұл мәселені шеше алмаймыз.


Тұрғындардың сөзінше, бұл мәселені қалалық ТҮКШ бөліміне айта-айта жалыққан. Негізі мәселе есік алдына салынған асфальттың деңгейінде болып отыр. Асфальт аласа болғандықтан қарсы беттегі жаңбыр суын дәл осы 44 ші  үйдің алдына келіп жиналады. Негізі суағар жүйесі қарастырылған, бірақ ол мынадай жойқын ағынмен күресуге қауқарсыз. Бұл жолы оқиға орнына қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы келіп, халықпен кездесті. Тұрғындар ендігі үміт осы кісіде деп отыр.


МАДИЯР ЗӘКЕРОВ
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Қазір үйдің ауласында су сорғыш ассенизатор көлігі жұмыс істеп тұр. Ол ауладағы көлкіген суды сорып жатыр. Бұл уақытша амал. Өйткені судың басым бөлігі үйдің жертөлесіне құйылып үлгерген. Тұрғындар жағдай осылай жалғаса беретін болса, 9 қабатты үйдің іргетасын су шайып кетіп, зәулім ғимарат ортасына түсе ме деп үрейленіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: