Сенбілік өтті

20 мың адам қатысуымен жалпы облыстық сенбілік өтті. Ауқымды тазалық пен абаттандыру жұмыстары өңірлердегі барлық аудан мен қаланы қамтыды.

Игі шараға мемлекеттік және бюжеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер сондай-ақ белсенді жастар қатысты. 


Сенбілікке қатысушылар қоғамдық орындарды, көшелер мен аулаларды тазалауға кірісті. Жұмыс істеп жатқан техникалар да аз емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар аймақта көктем маусымы басталғалы бері жүйелі түрде өткізіліп келеді. Тек бүгінгі акцияның өзіне 22 мыңнан астам адам қатысып, 285 гектар аумақ тазартылды. Сондай ақ 500 тоннадан астам қоқыс шығарылған. 


МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
“Таза Қазақстанның” мәні өте зор. Осы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жалпы, біздің мемлекет басшымыз айтқандай, Отанға сүйіспеншілікті арттыруға, кейіннен,  азаматтық өзіміздің жауапкершілігімізді арттыруға мәні өте зор. Бүгін енді жай ғана субботник емес, бәріміз де сол үлкен іс-шараның жанында жүрміз, сол үлкен іс-шараға қатысып жатырмыз.


Сенбілік шаралары алдын ала бекітілген жол картасы негізінде ұйымдастырылады. Қазіргі таңда әр аудан мен қалада санитарлық тазалау, абаттандыру және қоқыс шығару жұмыстары жүргізілетін нақты учаскелер белгіленген. Басты назар орталық көшелерге, жол жиектері мен халық көп шоғырланған қоғамдық орындарға аударылып отыр.


ӘЛИНА ТҮСІПБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҮКШ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Бүгінгі акцияға 22 мыңнан астам халық қатысуда, оның ішінде 150 мемлекеттік органның, 700-ге жуық кәсіпорынның, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері бар. Жұмыстың сапалы атқарылуы үшін 300-ге жуық техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, аудандық және қалалық әкімдіктер тарапынан сенбіліктерді ұйымдастыру бойынша арнайы жол карталары белгіленген. Сол жол карталарына сәйкес осы күнге дейін 5000-ға жуық жол тазаланды.


Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы облысында 18 жалпы аймақтық сенбілік ұйымдастырылып, оған 418 мыңнан астам адам қатысты. Осы уақыт ішінде 6000 гектарға жуық аумақ тазартылып, мыңдаған тонна қоқыс шығарылды. 100 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Бүгінгі шара соңында ұйымдастырушылар сенбіліктің ең жас және ең егде қатысушыларына арнайы естелік сыйлықтар табыс етті.

Сондай-ақ оқыңыз: