Өрік фестивалі өтті

Ұйғыр ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Өрік фестивалі» өтті.

Ауқымды шараға бағбандар, омарташылар, ғалымдар мен өңдеу өнеркәсібінің өкілдері қатысты. Фестиваль аясында өріктің түрлі сорттары мен одан жасалған өнімдер көпшілікке ұсынылды. Сонымен қатар, омарта шаруашылығының өнімдері, жергілікті қолөнершілердің бұйымдары мен тарихи жәдігерлер көрмесі де ұйымдастырылды.

Осымен екінші мәрте ел назарын аударған өрік тойының биылғы сипаты бөлек, ауқымы кең. Игі шара тек мерекелік жиынмен шектелмей, ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференциядан бастау алды. «Өрік бақтары өңір байлығы, халық берекесі» тақырыбында бас қосқан отандық ғалымдар бақ шаруашылығын дамыту, өнім сапасын арттыру және саланың болашақ көкжиегін кеңейту төңірегінде өзара пікір алмасты. Айта кетерлігі, алдағы уақытта бұл бағытта іргелі зерттеулермен айналысатын арнайы институттармен меморандумға отыру көзделіп отыр. Бұл отандық ғылым мен сан жылдық тәжірибені ұштастыруға зор мүмкіндік бермек.


ДАСТАН МАРАТҰЛЫ           ТІЛШІ
Қазақстандағы ең тәтті өрік қайда десек, ойланбастан Алматы облысы дейміз. Ал өңіріміздің осы өрік өндіретін негізгі көзі, әрине, Ұйғыр ауданы. Біз дәл қазір осы Ұйғыр ауданындағы ең ірі өрік бақтарының біріндеміз. Бұл жердің жалпы ауданы 450 гектардан асады. Дәл қазір жиын-терін науқаны аяқталған. Көтерме сатып алушылар бақтан тікелей келіп сатып алуда.


Өріктің отаны атанған Қара дала төсінде піскен тәтті жеміс бүгінде ішкі және сыртқы нарыққа кеңінен жол алды. Яғни Республика көлемінде жиналатын 39 мың тонна өріктің 27 мың тоннасы Алматы облысына тиеселі. Жалпы жеміс бақтарының 46 пайызы өрік. Оның ішінде 3200 гектарға жуық жер Ұйғыр ауданының үлесінде. Мұнда бақ баптау ісімен 542 шаруа қожалық тұрақты айналысып келеді. Қазіргі күннің өзінде 1000-нан аса гектар аумақтан 11 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 95 центнерді құрап отыр. Жиналған жемістің 7800 тоннадан астамы ішкі нарыққа бағытталса, қалған бөлігі таяу және қиыр шетелге экспортталады. Ауданда негізінен «Никитинский», «Краснощекий», «Королевский» және «Шалах» сорттары жоғары сұранысқа ие. Ал алдағы уақытта таулы аймақтардағы кештеу пісетін өрік түрлерін жинау науқаны басталмақ.

ЖАЛАЛАДДИН ЮНУСОВ 
«ЭКО ПАРК ГАРДЕН» ШҚ АГРОНОМЫ 
Биыл біз, мысалы, де-то бір 600 тонна алдық қой."Королевский" деген ол көбірек мына... транспортабельный емес. Сол ол тек қана мына қалаға кетеді. Ана транспортабельный деген ана жақсы жолды көтеретін, ондай бізде мына "уйгурский чемпион" мен "никитинский рассыпной" ол тек қана Россияға, көбірек Москваға кетеді»


Фестиваль аясында арнайы гастрономиялық аймақтар, жергілікті өнімдер жәрмеңкесі, этно-шоулар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар тарапынан отандық фермерлердің өнімдерін ілгерілету мен агротуризмді танымал ету мәселесіне ерекше екпін берілді. Бұл ретте жергілікті өрік бақтары тек ауыл шаруашылығы алқабы ретінде емес, өңірдегі агро туризмнің әлеуетті орталығы ретінде қарастырылуда.


БОТА ЕЛЕУСІЗОВА 
ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 
Осы фестивальді біз халықаралық деңгейге дейін көтерсек пе деген жоспарымыз бар. Себебі көршілес елдермен де тек қана қазір байланыс орнатуға тырысып жатырмыз. Бұл дегеніміз біздің ауыл шаруашылығына жаңа тыныс беретін және біздің тауар өндірушілерімізге жағдай жасап, олардың жаңа өнімін өткізуге, насихаттауға, өңдеуге бағытталып отырған шара деп білемін.


Кешке қарай фестиваль шымылдығы ашық аспан астындағы ауқымды гала-концертке ұласты. Отандық эстрада жұлдыздары шырқаған әсем ән мен күмбірлеген күй, аудан қонақтары мен тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара күн сүйген өріктің тек дәмді жеміс қана емес, Қара дала төсінің өзіндік брендіне, құт-берекесіне айналғанын тағы бір мәрте айғақтап берді.

Сондай-ақ оқыңыз: