Алаяқтардың жаңа айласы

Қазақ тілін еркін меңгерген алаяқтар енді азаматтарды алдаудың жаңа тәсілін қолдана бастады. Кезекті дерек Қарасай ауданында тіркелді. Қаскөйлер алдымен өздерін түрлі ұйым қызметкерлері ретінде таныстырып, SMS-кодты айтқызуға немесе несие рәсімдеуге көндіреді. Кейін ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді. Осылайша, жәбірленушіге өзін құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырған үшінші тұлға хабарласады. Олар аударылған қаражаттың терроризмді қаржыландыруға жұмсалғанын айтып, қылмыстық жауапкершілікпен қорқытады. Психологиялық қысым көрсеткен алаяқтар ақшаны қайтарудың жалғыз жолы ретінде жаңа аударымдар жасауды ұсынады. Тергеу мәліметінше, бұл қоңыраулардың барлығы бір алаяқтық топтың әрекеті. Қазір полицияның жедел әрекеті нәтижесінде мұндай қаржылық шығындардың алдын алу мүмкін болды. Жыл басынан бері Алматы облысында интернет алаяқтықтың 30 дерегіне тосқауыл қойылған.

ӘЛІБЕК КЕРІМ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Бізге жәбірленушілер хабарласып, оларды алаяқтар мазалап жатқанын айтты. Тіпті олардың алаяқ екенін өздеріне айтса да, қоңырау шалуды тоқтатпаған. Осыдан кейін біз жәбірленушілердің туысы ретінде іске қосылдық. Қазір адамдар егер олармен қазақша сөйлесе бастаса, алаяқтар тіл білмегендіктен,байланысты үзеді деп ойлайды. Бірақ дәл осылай таза қазақ тілінде сөйлесіп алдау- бірінші рет кездесіп отырған жағдай. 

Сондай-ақ оқыңыз: