Мұқағали оқулары
Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Райымбек ауданының Қарасаз ауылында республикалық Мұқағали оқулары өтті.
Дәстүрлі байқауға еліміздің 19 өңірінен келген дарынды оқушылар қатысып, ақын шығармашылығын насихаттауға үлес қосты. Бас жүлде, жас талап Хангелді Айдынұлыұлына бұйырды.
Байқаудың басты мақсаты – мектеп оқушылары арасында Мұқағали Мақатаевтың әдеби мұрасын кеңінен дәріптеу, жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және табиғи таланттарын анықтау. Биылғы республикалық байқау төрт бағыт бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан бастап, шығармашылық жұмыстарын қорғауға дейінгі түрлі кезеңдерде бақ сынады.
ГҮЛЗИНАТ ӘДІЛХАНОВА, № 20 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ (МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ)
Бүгін ақиық ақын М.Мақатаевтың туған жері Қарасаз ауылына келді. Біз Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, бүкіл Маңғыстау облысының оқушыларымен келіп тұрмыз. Жалпы, бұл жерге келгенде қарсы алуы өте керемет. Қарасаздың таудың етегіндегі табиғаттың біздің қарсы алудың барлығы енді ерекше көңілімізден шығып жатыр. Жалпы республикалық осы Мұқағали оқуларына аудандық, облыстық сайыстарына 7800 оқушы қатысып, соның ішінен 70 оқушы шығып отыр екен
Қарасаз төрінде өткен тағылымды шараға ақынның қызы Шолпан Мұқағалиқызы арнайы қатысып, жас талапкерлерге ақ жол тіледі. Сонымен қатар, ақын шығармашылығын зерттеушілер мен ұстаздар қауымы да байқаудың маңыздылығына тоқталып, Мұқағали мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
АЙТУҒАН САБЫРҰЛЫ АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰПУ ОРАЗАЛЫ ДОСБОСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, АЙТЫСКЕР АҚЫН
Бұл байқаудың ерекшелігі, көп байқауларға қатысып жүрміз, бұл байқауда қатысушының аты-жөні және облыстары жасырын болады. Барлығы бірдей бүркеншік есіммен өнер көрсетеді. Бұл байқаудың әділ, шынайы өтуіне мұрындық болады және бұл байқаудың негізгі ұйымдастырушылары оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық өнер-практикалық орталығы, Алматы облысының әкімдігі, Алматы облысы білім басқармасы Алматы облысы білім басқармасының жас дарын ғылыми-практикалық орталығы және Райымбек ауданының әкімдігі мен білім бөлімі.
Жетпіске жуық қатысушы жиналған республикалық Мұқағали оқулары үздіктерді анықтап қана қоймай, поэзияны сүйетін жастардың басын қосқан рухани алаңға айналды.