Ақ халаттығыларға алғыс
Медицина ұйымдарына 70 жаңа жедел жәрдем көлігінің кілті табысталды.
Ауруды емдеп, ажалға араша түсіп жүрген ақхалаттыларға құрмет көрсетіліп, сала үздіктері құрмет төрінен көрінді. Дәрігерлер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара туралы Аружан Мұратқызы айтып береді.
Аурумен арпалысып, ажалға араша түсер сәтте әр минуттың қадірі қымбат. Сондықтан ақ халаттылардың кәсіби мерекесі қарсаңында жедел медициналық жәрдем қызметі жаңа техникамен толықты. Өткен жылы өңірге 20 санитарлық автокөлік берілсе, биыл тағы 70 жаңа техниканың кілті табысталды. Нәтижесінде Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі қажетті автокөлікпен толық қамтамасыз етіліп отыр.
ЕРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл жаңағы әр көліктің ішінде өзінің заманға сай ішкі жабдықтары бар: электрокардиографтар, дефибриллятор бар. Әр бригаданың өзінің ішінде керек жабдықтармен қамтамасыз етіліп, сондықтан айтатыным қазіргі күнде 100 пайыз біз бүкіл сұранысты жауып отырмыз.
Алматы облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жанданып келеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы жалпы құны 8,3 млрд теңге болатын 38 медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Бұдан бөлек, 1 емхана, 4 дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылып, халық игілігіне берілген жаңа медициналық нысандардың жалпы саны 44-ке жетті.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде өңірдің денсаулық сақтау саласынақты нәтижелерге қол жеткізді. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылғы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нәресте шетінеуі 25,5%-ке төмендеді. Қан айналымы жүйесі ауруларынан қайтыс болғандардың саны 5,4%-ке, ал қатерлі ісіктен 6,2%-ке азайды. Бұл көрсеткіштердің барлығы өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің нәтижесі.
Кәсіби мереке қарсаңында 25 медицина қызметкерінің еңбегі жоғары бағаланды. Сала үздіктеріне мемлекеттік наградалар, Құрмет грамоталары табысталды. Қатарында Талғар ауданының Жалғамыс ауылдық амбулаториясында 12 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан дәрігер Бағдагүл Садықова да бар. Биыл «Үздік ауыл дәрігері» кәсіби байқауына алғаш рет қатысып, көш басынан көрінді.
БАҒДАГҮЛ САДЫҚОВА
ЖАЛҒАМЫС АУЫЛДЫҚ АМБУЛАТОРИЯСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ
Мен өзім сол студент кезден оқығаннан бастап ауылдық жерді көріп кетсем, ауылды дамытсам деген өзімнің арманым болған, ниетім болған. Сол себепті менің мақсатым, осы әсіресе шалғайдағы ауылдық жерлердің инфраструктурасын қалыптастырып, ол жақтағы елді мекендегі халықтарға өз үлесімді қосып, көмегімді беріп, сол ауылдың дәрежесін көтеру менің ең басты мақсатым.
Сапалы медицина – ұлт саулығының кепілі. Биыл медициналық ұйымдарды жарақтандыруға 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 347 бірлік заманауи медициналық техника сатып алынды. Ал кадр тапшылығын азайту мақсатында жас дәрігерлерге 8,5 млн теңге көлемінде көтерме қолдау көрсетіліп, бүгінде жергілікті бюджет есебінен 172 резидент білім алуда.