ММА жеңімпаздары елге оралды
Алматы облысының спортшылары Азия чемпионатында топ жарды. Вьетнамның Дананг қаласында MMA және панкратионнан Азия және Океания чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына алты медаль салды. Мұнда жастар құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Қазақстан құрамасының жарқын жетістігіне Алматы облысының спортшылары да елеулі үлес қосты. Халықаралық додада өңір намысын қорғаған үш спортшының үшеуі де жүлдегер атанып, елге абыроймен оралды. 16–17 жас санатындағы 57 және 62 келі салмақ дәрежелерінде өнер көрсеткен спортшылар Азия чемпиондары атанса, 18–20 жас аралығындағы жастар санатында сынға түскен тағы бір спортшымыз қола жүлдені иеленіп, ел мерейін үстем етті. Мамандардың айтуынша, бұл жетістіктер өңірде MMA мен панкратион спортының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
НҰРАЛИМ АЙҒАЛИН
АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ
Осы жылы Дананг қаласында өткен азия және океания чемпион атандым. Бұл жарысқа өте үлкен дайындықпен бардым. Мен Алаш командасында дайындалып осы жарысқа күнделікті дайындық барысын өтіп, жарысқа Алматы облысы және Қазақстан атынан бардым. Осы жарысқа алып барған біріншіден тренерлеріме алғысымды білдіремін. Оның ішінде тренерім Махмут Уриалкум ,Алматы облысының бас тренері Талғат Ибрагимов тренеріме жәнеде көптеген тренерлеріме алғыс айтамын. 62кг салмақта үш рет шайқастым - ол вьетнамдықтар мен үндістер болды.
ТАЛҒАТ ИБРАГИМОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПАНКРАТИОН ЖӘНЕ ММА СПОРТЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ
Алдағы уақытта осы жылдың күзінде бізде әлем чемпионаты күтуде, жоспарлануда. Біздің облысымыздан көбірек спортшылар қатысады. Айта кететін болсақ, біздің федерацияның жұмысы өте керемет, өйткені балалар қазіргі таңда MMA және панкратион спорт түріне өте көп қатысуда. Біздің облысымызда 2000-ға жуық балалар осы спорт түріне қатысады.