Алқапқа су жетеді
Ұйғыр ауданында биыл егін шаруашылығында оң көрсеткіш қалыптасып келеді. Суару жүйелерін жақсарту, егіс алқаптарын әртараптандыру және заманауи технологияларды енгізу нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігі артты. Мамандар биыл түсім жоғары болады деп болжайды. Тақырыпты Айдар Қисабаев тарқатады.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық кезінде магистральды каналдар мен суару арықтары толық тазартылып, шаруалардың сумен қамтылуы жақсарды. Ал су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптарда өнім көлемін айтарлықтай арттыру жоспарланып отыр.
МАХМҰТ ИСМАЙЫЛОВ
ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫСЫ
«Былтыр әр гектардан 15–20 центнерден өнім алсақ, биыл 30–35 центнерге жетіп жатыр. Оның бәрі каналдардың уақытында тазаланып, судың жақсы келгенінің нәтижесі. Бұрын бір рет суаратын едік, биыл екі рет суарып отырмыз»
Ауданда ауыл шаруашылығына инвестиция тарту қарқыны да артып келеді. Жаңа жобалар аясында суармалы жер көлемі ұлғайып, жүгері өндірісімен қатар ауданның ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкіндігі де кеңеймек.
АРДАҚ ЫРЫСКЕЛДІ
АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
«Ауданымызда 24 100 гектар егіс алқабы бар. Биыл 1 311 гектар жер ауыспалы егістікке ауыстырылды. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында 50 шақырым суару каналдары тазартылды. Соның нәтижесінде биыл бидай мен арпадан гектарына 35 центнер өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз»
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында іске асырылып жатқан жобалар су ресурстарын тиімді пайдаланып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беруде. Бұл ауданның аграрлық әлеуетін күшейтіп, алдағы жылдары өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуға негіз болады.