«Тамыз кеңесінде» балабақшадағы маман тапшылығы туралы айтылды

Бала тәрбиесі ортақ міндет. Жеке меншік балабақшаларда маман тапшылығы бар. Оған қоса мекемелерді лицензиялау ісінде кедергілер кездеседі. Бұл туралы Алматыда өткен мектепке дейінгі жеке меншік мекемелердің республикалық «Тамыз кеңесінде» айтылды.

«Жаңа конституция құндылықтары негізіндегі мектепке дейінгі білім; сапа, ұлттық тәрбие және сабақтастық». Басқосудың негізгі тақырыбы осы.   Кеңес жұмысына еліміздің Оқу-ағарту министрлігі, Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Гүлнар Ысқақова қатысты. Мекеме мемлекеттік, немесе  жеке меншік болсын – бастысы  бала сапалы білім, саналы тәрбие алуы қажет. Сонымен қатар бүлдіршіндер қауіпсіздігі үнемі назарда болуы тиіс. Сондықтан лицензия алмай еш мекеменің жұмыс бастауына рұқсат берілмейді.Жауаптылардың айтуынша, бұл үшін  тәрбиешілердің біліктілігі талапқа сай болып, балабақшада  бейнебақылау жүйесі толық орнатылуы тиіс.

ДИАНА ОНБІРБАЕВА 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Мемлекеттік балабақшаларда қауіпсіздікке қойылатын талап жеке меншік балабақшаларға да қойылады. Себебі бала біреу. Мұнда жеке меншік балабақша ашылудан бұрын қауіпсіздік талаптары баса қаралады. Оның сәйкестігіне рұқсат алмай балабақша ашылмайды. Және 381 бұйрық бойынша жылына бір рет мониторинг жүріп отырады. Қатаң түрде»

Кеңесте мектепке дейінгі жеке меншік мекемелердегі басты түйткіл -маман тапшылығы екені айтылды. Бұл мәселені шешу мақсатында Алматы облыс әкімінің қолдауымен биыл колледждерде жас мамандарды даярлауға 100 грант бөлінді.

КҮЛӘНДА БАТЫРБЕКОВА 
 «АСЫЛ ҰРПАҚ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Колледждерде оқытқанда 80 пайыз практика, 20 пайыз теория деп солай келісіп, қазір бізге 100 грант бөлінді. Оны Алматы облысының әкімдігі, Алматы облысының білім басқармасы бөліп отыр. Сол өте қуанышты жағдай. Біздің қауымдастық мысалы зерделеу кезінде 1833 орын тек қана Алматы облысы бойынша бос екенін анықтадық. Одан кейін қазіргі істеп отырған мамандардың біліктілігі өте төмен»

Демографиялық өсімі жоғары Алматы облысында бүгінде 1145 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 101-і мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік балабақша мен бөбекжайларға тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз: