Егістіктегі еңбек
Талғар ауданында биылғы аптап ыстыққа қарамастан дәнді дақылдың өсімі жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Егін орағы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Қазіргі уаұытта 5 мың гектарға жуық алқаптан 8 мың тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 17,4 центнерді құрады. Аудандағы егіншілік жайын толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Бұл 1100 ірі қарасы бар сүт фермасының 430 гектар алқабы. Шаруа қожалығы биыл егіс науқанына ерте дайындалып, заманауи агротехнологияларды қолданды. Техниканы жаңартып, сапалы тұқым мен тыңайтқыш пайдалану көлемін арттырған. Мамандардың айтуынша, бұл өнімділіктің өсуіне тікелей әсер етіп отыр.
ҰЛАН МАҢҒАЗЫ
БАС АГРОНОМ
«Жалпы аумағы 2300 гектар. Жүгері, арпа, бидай және жоңышқа алқаптары бар. Қазіргі таңда алдыңғы жылдармен салыстырғанда өнім 15-20 пайызға көбірек. Жоспарымыз жүгеріге 40-45 тонна гектарына, жоңышқамыз 3 тоннадан асып кетті, арпа-бидайымыздың жиналғаны 30 центнер болды.»
Жалпы ауданда егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, қазір майлы дақылдардың 15%, бақша дақылдары толықтай д жиналған. Көкөніс көлемі де көңіл қуантарлық. Гектарына орта есеппен 305 центнерді құрап, жоспардың жартысы орындалды.
АЛДИЯР АБДЕШБАЕВ
ТАЛҒАР АУДАНЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Аудан бойынша 20 мыңнан астам жерге егін егілген. Оның 9000 гектарында дәнді дақыл. 7030 гектары мал азығы дақылдары. Қазір мал азығы дақылдарын ору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні сүрлемдік жүгеріні жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өнімділігі жақсы гектарына 40-45 тонна өнім алып жатырмыз.»
Аудандағы егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Мамандардың айтуынша, жоғары өнімділікке қол жеткізудің басты кепілі – сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды пайдаланып, озық агротехнологияларды дұрыс үйлестіру.