Қошқар құны 100 миллион
Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылының шаруалары асыл тұқымды «Арашан» қойын өсіріп отыр. Арашан - қазақ даласының табиғатына бейімделген, шаруашылыққа берері мол қой тұқымы.Ол жайылымды тиімді пайдаланып, қуаңшылыққа төзімділігімен және еттілігімен ерекшеленеді. Шаруашылықтың жұмысымен әріптесім Ақжан Анапия танысып қайтты.
Бұл салмағы 180 келі тартатаын арашан тұқымды «Байрақ» атты қошқар. Құны -100 млн. теңге болатын аталықтың төлдің азығы да ерекше. Күнделікті жұмыртқа мен сапалы пішен жейді. Оған қосымша арпа, сұлы, жүгері сияқты дәнді дақылдар мен кебек те бар. Әуелде кәсібін 100 баспен бастаған шаруашылықта жыл сайын мал басы өсіп бүгінде 500 ге жетті.
ТЕМІРЛАН ҚАЙРАТҰЛЫ
«НОМАД АРАШАН» ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
« Қой шаруашылығын таңдағанымыз, өйткені қазіргі барлық жақта арашан тұқымы өте танымал болып жатыр. Өйткені бұл ірі болып жатыр. Қазіргі қойлар ұсақ болып кетті. Біздің мақсатымыз - осы Қазақстандағы басқа да шаруашылықтарға қошқарларымызды таратып, қойларын ірілетсе деген мақсатта ғой»
Екі жыл бұрын ғана қожалық құрған шаруалардың айтуынша, елдегі сапалы мал басын көбейтуге әлі де айрықша басымдық берілуі қажет. Себебі малды асылдандыру - кәсіптің берекесі мен болашағының берік негізі.
ТЕМІРЛАН ҚАЙРАТҰЛЫ
«НОМАД АРАШАН» ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
«Кішкентай кезімде мен өзім мал шаруаршылығымен, атаммен айналысқанмын. Және ағаммен кішкентай кезінде айналысқан. Қызығушылық болды да бізде. Сол себепті осы жағын таңдадық. Шаруа қожалығымен айналысу оңай емес. Оны ауызбен айту бөлек, ісімен істеген бөлек қой. Ісіңе деген махаббат және жақсы көріп істеу керек қой. Мысалы біреудікін істеп жатсаң да, өзіңдікіндей қылып істеу керек қой. Сол кезде мал өседі, өнеді.»
Арашаннан бөлек, елімізде арқар-меринос, Еділбай, Дегерес сынды асыл тұқымды қойлар бар. Дегенмен шаруалар кейбір аталық қошқарларды қырғыз елінене де алдыртады. Бұл бағытқа бет бұрған жастардың қатары әзірге көп емес. Дегенмен ауыл кәсібін дамытуға ниетті жас шаруалар мал тұқымын асылдандырудың маңызын жақсы түсінеді. Өйткені сапалы мал басы көбейсе, өнім көлемі де артып, шаруаның маңдай термен атқарған еңбегі еселене түспек.