Тіл байқауы
Іле ауданында ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және әдеби мұрасын насихаттауға арналған тіл байқауы өтті. Оған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты. Байқауда ұстаздар қазақ тілін оңай әрі тиімді үйренудің түрлі жобаларды таныстырды.
Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы озық педагогикалық тәжірибелерді жетілдіруге арналған байқауда 16 ұстаз бақ сынады. Олардың қатарында ұлты басқа болса да қазақ тілінің қадірі мен қасиетін қашырмай жастарға үйретіп жүрген педагогтар да бар. Солардың бірі - Гүлжахан Мәмішова.
ГҮЛЖАХАН МӘМІШОВА
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
«Осы жерде Ахмет Байтұрсынұлының алтын қағидасын негізге ала отырып, тиімді әдіс тәсілдерді қолдану. Мысалы оның ішінде сұрақ-жауап әдісі және күнделікті қарым қатынас жасау. Адам тіл арқылы қарым-қатынас жасайды. Ахмет атамыздың мына бір сөздеріне қарайтын болсақ тілді ережені жаттап ғана үйрену керек емес, Оны күнделікті өмірде еркін қолданыста қолдана білу керек. Міне осы арқылы оны ары қарай жетілдіруге, ары қарай дамытуға өзге ұлт болсын, басқа ұлт болсын өзінің бір үлесін қосу керек деп ойлаймын.»
Ұстаздар алғашқы айналымда ұлт ұстазының өлеңдері мен мысалдарын оқыды. Екінші кезеңде жасанды интеллект құралдарымен әзірлеген цифрлық контенттерін ұсынды. Ал қорытынды бөлімде қазақ тілін оңай меңгеруге арналған ең тиімді әдістерін ортаға салды.
НҰРМАМАН ОҚАС
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Мемлекеттік тілге ерекше мән беріліп жатыр. Ал осы мемлекеттік тілдің негізгі тетігін ұстап жүрген осы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мектепте қалай дәріс берсе біздің ұлттық руханиятымыз жақсарады.»
Байқау қорытындысы бойынша үздік ұстаздар анықталып, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.