Келешек мектебі ашылды
Бүгін Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4 200 оқушыға арналған бес жаңа мектеп ашылды. Сонымен қатар өңірдегі 10 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңа оқу жылын облыста 365 мыңнан астам оқушы бастады. Оның 36 мыңға жуығы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Нұрғиса Тілендиев ауылындағы жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысып, оқушылар мен ұстаздарды білім күнімен құттықтады.
АРУЖАН МҰРАТҚЫЗЫ
ТІЛШІ
« Нұрғиса Тілендиев ауылында жаңа оқу жылы жаңа мектептен басталды. Бүгін мұнда 900 орындық келешек мектебі пайдалануға беріліп, оқушыларға есігін айқара ашып отыр. Білім ошағы «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған. Бұл жоба бойынша Алматы облысында 26 мектеп іске қосылса, соның екеуі Іле ауданында бой көтерді. Енді жаңа мектепте ауыл оқушылары заманауи жағдайда білім алады»
Жаңа мектепке биыл 1 230 оқушы қабылданды. Іле ауданы бойынша бұл күні 6 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды. Ұстаздар мен ата-аналар салтанатты жиында бас қосып, алғашқы қоңырау үнін қуанышпен қарсы алды.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
« Үш ауысымды мектептерді жою әлі жұмыстың бәрі алдыда десек болады, әлі жарты жұмысымыз бар. Әсіресе осы Іле ауданында бүгінгі күнге дейін 18 мектеп болатын үш ауысымда. Қазір енді осындай мектептердің арасында қысқарды. Облыста бүгін жалпы жаңа бес мектеп қолданысқа берілді, кейін 10 мектеп күрделі жөндеуден өтті»
Білім ошағының құрылысына 7,5 миллиард теңге жұмсалған. Мұнда робототехника мен STEM кабинеттерінен бөлек, химия, физика, биология және информатика пәндеріне арналған заманауи сыныптар бар. Оқушылардың спортпен шұғылдануына да мүмкіндік мол.
КӘУСАР ҚУАНБАЙ
ОҚУШЫ
«Бізде осы жерде кабинеттік система болған жоқ. Осы бұл жаңа «Келешек» мектебінде біз сол арқылы оқитын боламыз. Химия және биология кабинеттерінде неше түрлі эксперименттер, информатика пәнінен көптеген компьютерлермен жұмыс... Сондайларды бұйыртса жасаймыз деп үміттенеміз»
РАХМЕТОЛЛА ҚОРҒАСБЕК
АТА-АНА
«Мектеп өте керемет, жақсы салынған, барлық жағдай жасалған, халқына, ұстаздарға да жағдайлар жасалған, ұстаздардың енді ерінбей еңбек етуіне тілектеспін»
Алматы облысында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында ашылған 26 мектептің барлығы педагог кадрлармен толық қамтылған. Соңғы төрт жылда өңірде 75 білім беру нысаны ашылды.