Жаңа мектеп - жарқын үміт
Алтын ұя мектеп - балаң армандардың бастауы. Алатау қаласы «Gate City» ықшам ауданында 900 орындық су жаңа келешек мектебі шәкірттерге есік ашты. Сонымен қатар Талғар ауданы Нұра ауылында да 300 орындық білім шаңырағы күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Тақырыпты қос нысанның салтанатты ашылуына барып қайтқан Құрманжан Қасымжанұлы баяндайды.
ҚҰРМАНЖАН ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
ТІЛШІ
«Білім мен тәрбиенің бесігі тербеліп, балаң армандардың есігі ашылатын киелі табалдырық ол - қашанда мектеп қабырғасы. Бүгінгі білім күнінде Алатау қаласы Гейт сити ықшам ауданында да келешек мектебі келушілерге есік ашып, 1300 оқушы су жаңа нысанда сабақ бастады»
Ықшамауданында 5000 нан аса тұрғын бар. Осыған дейін оқушылар көрші ауылдарға және Алматы қаласына қатынап оқыды. Енді жаңа заман талабына сай жасақталған еңселі білім шаңырағы пайдалануға беріліп, ел қуанышы еселенді.
БАҚЫТГҮЛ ӘЗІМБАЕВА
ҚОЯНҚҰС ЫҚШАМАУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Мен бүгін немеремді жетелеп келіп тұрмын. Бәріне қуаныш құтты болсын деймін. Мектептің іші керемет. Бәрімізге ұнап жатыр. Болашақта білімді тәртіпті мәдениетті балалар күтеміз»
Алатау қаласындағы 20 мектепке 13 мың 500 ден астам оқушы барды. Ал осы келешек мектебінің ашылуымен қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесі толықтай шешілді.
ГҮЛЖАН ЕРУБАЕВА
АЛАТАУ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Осы 20 жайлы мектепке тек Гейт сити ықшам ауданынан ғана оқушы қабылдаған жоқпыз. Қоянқұс, Жаңа талап, Жаңа дәуір, Ынтымақ сынды шағын аудандардан да балалар келді. Бізде екі үш ауысымды мектеп болатын. Яғни Қоянқұста 13 және 14 мектептер осы келешек мектебінің ашылуымен үш ауысымнан босап отыр. Оқушыларға тасымал ұйымдастырылған»
Жаңа оқу жылындағы айтулы күн Талғар ауданы Нұра ауылы тұрғындары үшін де ерекше есте қалды. Себебі №12 орта мектепте көпке созылған күрделі жөндеу жұмыстары аяқтап, алғашқы қоңырау үні сыңғырлады. Енді бұл білім шаңырағында 1200 оқушы сабақ оқиды.
ЕРЖАН НҮСІПЖАН
№12 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Мектебіміздің ішіне барлық парта орындықтар қойылып, тақталар ілініп, сынып сағатына дайын болып тұр. Енді тек стадионның жұмысы аяқталмады. Қалғаны толық соңына жетті»
АРУЖАН БОРАНҒАЗЫ
ОҚУШЫ
«Мектебіміздің қайта ашылғанына өте қуаныштымын. Бұл – біз үш жыл бойы күткен қуанышты оқиға»
Нысан жөндеуде болғанда оқушылар сабақтарын әкімдік ғимараты мен мәдениет үйінде жалғастыруға мәжбүр болды. Бұл уақыт та артта қалды. Енді шәкірттер өз білім ордасына оралып, жаңарған мектепте алаңсыз білім алып, арман-мақсаттарына қадам басады.