Бұлақтыдағы қуанышты күн
Қарасай ауданы, Бұлақты ауылында «Келешек» ұлттық жобасы аясында жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Ауыл тұрғындары мен оқушылар жаңа оқу жылын заман талабына сай жабдықталған білім ордасында қарсы алып, бірінші қыркүйекті сән-салтанатпен өткізді.
Оқушылар мен ата-ана, мектеп ұжымы оқу жылының басталуын ерекше қарсы алды. Алғашқы қоңырау соғылып, білім ошағы есігін айқара ашты.
Мектеп тоғыз жүз балаға арналған. Алпыс ұстаз арнайы тесттен өтіп, іріктелген. Бала қауіпсіздігі қатаңа қадағаланады. Мектепке бөтен адам кіре алмайды. Әр оқушыны танитын құрылғы жұмыс істеп тұр
АЙНҰР ОРАЗХАНҚЫЗЫ
БҰЛАҚТЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Заманауи, қазіргі балалар искуственный интеллектпен жұмыс жасауды, жаңағы фейс айди ішінде бар мысалы. Соның бәрімен жұмыс жасауды үйренгенін қалаймын. Сол үшін осы мектеп ашылуына өте қуаныштымыз. Іші бәрі жаңа, инновацияға сай.»
Қарасай ауданында соңғы үш жылда сегіз келешек мектебі салынды. Жаңа мектепке бүгінде 800 бала тіркеліп үлгерген. Қабылдау әлі де жалғасып жатыр.
АҚЖАН АНАПИЯ
ТІЛШІ
«Бұлақты ауылында осы уақытқа дейін 140 орындық ескі білім ордасы болған. Балалар көрші ауылдарға барып оқуға мәжбүр еді. Келешек мектебінің бой көтеруі оқушыларға қолайлы жағдай қалыптастырып, үш ауысымды оқытуды жою мәселесін де жолға қойып отыр.»
ЖАСҰЛАН ЕСТЕНОВ
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Халық санын санасақ, облыста ең көп шоғырланған аудан. Бүгінгі күні жүз мыңнан астам оқушымыз бар. Үш жыл бұрын үш ауысымды 12 мектеп болған. Бүгінгі күні сол мәселе толық жойылып отыр.
«Келешек» мектебінің әр елдімекенде салынуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы зор. Оқушылардың қауіпсіз ортада сапалы білім алуларына жағдай жасалған. Бұл - зияткер қоғамды құруға бағытталған игі іс.