Өрт қауіпсіздігі күшейтілді
Алматы облысында өрт қауіпсіздігі қатаң бақылауда. Өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінде бұталы өсімдіктердің 37 рет жануы тіркеліп, өрт 5 мың гектарға жуық аумақты шарпыған. Табиғатқа келген шығын 15 миллион теңгеден асты. Өрттің алдын алу үшін аумақтарды құрғақ өсімдіктерден тазарту және минералды жолақтар төсеу жұмыстары жүргізілуде. Шелек, Қарадала, Бақанас, Күрті және Қаскелең орман шаруашылықтарында 9 бақылау бекеті орнатылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Жағдай күрделенсе, су төгу құрылғылары бар «Қазавиақұтқару» және «Қазавиаорманқорғау» мекемелерінің тікұшақтары жұмылдырылады. Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға аулалары мен жер учаскелерін қоқыс пен қураған шөптен тазартуды ескертеді.
АЙҒАНЫМ МҮСЕКЕНОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАС МАМАНЫ
« Өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері 1 мың 282 гектар аумақта құрғақ өсімдіктердің 804 рет жану фактісі тіркелді. Рейдтік іс-шараларды өткізу үшін азаматтық қорғау органдарының, жергілікті полиция қызметінің, орман шаруашылығы мекемелерінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен әрбір ауданда мобильді топтар құрылды. Мобильді топтар тарапынан 432 рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 38 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 4 млн 381 мың 670 теңге көлемінде айыппұл салынды»