«Күміс жас» жобасы
50 жастан асқан адамдарға жұмыс табу кейде қиынға соғады. Ал оларға мемлекеттік «Күміс жас» бағдарламасы қолдау көрсетеді. Жоба аясында жұмыс берушілерге жалақының бір бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. Сондай-ақ тәжірибесі мол азаматтарға қайтадан еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік бар.
2022 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Күміс жас» бағдарламасына 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Биыл облыс бойынша 565 адамды қамту жоспарланса, қазірге кезде 549 азамат жұмысқа орналасты. Тұрғындарға техникалық қызметтен бастап, білімі мен мамандығына сәйкес түрлі жұмыс түрі ұсынылады.
ДОСЖАН СЕЙДАХМЕТОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Біз жақтан жұмысқа олардың айлығын 129 750 теңгесін біз төлеп береміз, ол 70%-ын құрайды айлық көрсеткіштің. Екінші жылы 65%-ын төлейміз и үшінші жылы 60%-ын төлейміз. Ол кісілерді біз жіберген кезде үш жылға жібереміз жұмыс берушіге. Үш жылдан кейін зейнет жасына келетін болса, зейнетке шығады. Зейнет жасына келмесе, сол жұмыс беруші жұмысқа алған өзін жұмысқа тұрақтыға жұмысқа алуға міндетті»
Адамға қашан да жұмыс табылады. Алпысты алқымдаған қос кейіпкеріміз бүгінде «Күміс жас» бағдарламасы арқылы еңбек етіп жүр. Бірі тазалық саласында қызмет атқарса, екіншісі мектеп асханасында жұмыс істейді.
СОВЕТГҮЛ САМАЛТЫРОВА
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Мектептің асханасында жұмыс бар деп сол жаққа орналастым. Содан екінші жылға кетті істеп жатқаныма. Былай енді бағдарлама арқылы нан жеп отырмыз енді. Жұмысымыз өте жақсы, таза жерде, сондай ауызбірлікте жұмыс істеп жатырмыз. Өзіме мансабым ұнайды»
АЙНАШ ЖҰМӘДІЛОВА
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
« Мен қазір осы біздің жасымыз келгеннен кейін еш жерге жұмысқа алмайды ғой. Сондықтан осы клинингқа келдім. Таңертең басталады жұмысымыз, кешке үлгергенімізше уақытылы істейміз»
Еңбекке қайта араласу – азамат үшін табыс көзі ғана емес, қоғамға қажет екенін сезінудің де мүмкіндігі. Ал «Күміс жас» бағдарламасы тәжірибесі мол мамандарды еңбек нарығына қайта қосып, жұмыс берушіге де, жұмыс іздеген азаматқа да қолдау көрсетуді көздейді.