Көлдегі нәзік гүл
Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылындағы көлде таңғажайып гүл өседі. Мұнда келетін қонақтар су бетінде қауашақ ашқан экзотикалық лотос өсімдігін тамашалап, суретке түсіп, естелік қалдырады. Еліміздің екі аймағында ғана құлпыратын табиғат ғажабы туралы толығырақ Құрманжан Қасымжанұлы әңгімелейді.
Лотос қауашағын жарып, көл бетіне айрықша ажар беретін ең көркем мезгіл – маусым мен шілде айлары. Бұл өсімдікті көлде өсіріп келе жатқанына да үш жарым жыл болған. Соңғы жылдары табиғаттың осы бір ерекше айдынын тамашалауға жастардың қызығушылығы артып, шетелдік қонақтардың да қарасы көбейген. Әсіресе су айдыны нәзік қызғылт гүлдерге көмкерілген шуақты күндері мұнда қылқалам шеберлері жиі бас қосады. Табиғаттың қайталанбас көрінісін көріп, оны кенепке түсіріп, өнер туындысына айналдыруға асығады.
ЮЛИЯ ЧУБУТКИНА
СУРЕТШІ
«Мен табиғат аясында сурет салуға жиі шығамын. Бұл көл жайлы әлеуметтік желіден білдім. Мұнда басқа суретшілердің жұмыс істегенін көріп, өзім де арнайы келдім. Лотос гүлдерінің кәдімгі су лалагүлдерінен әлдеқайда ірі әрі ерекше екенін байқадым. Сол ғажайып көріністі қылқалам арқылы жеткізіп, кенепке түсіргім келді».
Жер бетінде сирек кездесетін бұл экзотикалық гүлді Қазақстанда тек екі өңірден ғана кездестіруге болды. Оның бірі Алматы облысындағы көлде, екіншісі Атырау облысында бапталады.
ВАЛЕРИЙ ШМУЙЛОВИЧ
МЕНЕДЖЕР
«Өткен жылы бізге Германия мен Франциядан саяхатшылар көп келді. Кейбірі жыл сайын тұрақты келіп, гүлдерді әсемдігіне тамсанады. Ал қазір жергілікті жастардың да бұл мекенге деген қызығушылығы артып келеді.
ҚҰРМАНЖАН ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
ТІЛШІ
«Лотос гүлі туарлы ежелгі гректерде мынадай бір аңыз бар. ертеде бірін бірі құлай сүйген қызбен жігіт өмір сүреді. Арада жігіт жау қолынан қаза табады. Сүйген жарының мезгілсіз қазасын көтере алмаған қыз бір көлге келіп, ұзақ қайғырады. Артынша сол көлге түсіп мерт болады. Келесі жылы сол көлдің бетіне осындай ғажап гүл өсіп шығады. Оны жергілікті тұрғындар сол қыздың атымен лотос гүлі деп атап кеткен екен. Сөйтіп махаббатпен адалдықтың симмолы болған осы гүл пайда болған деседі. Ал бүгінде бұл гүл қазақстанда қызыл кітапқа енген. Егер сіз байқаусыз бір дана гүл жұлып алсаңыз 3 000 АЕК-ке яғни 13 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалайсыз.
Лотос гүлдері жайқалып, көл беті қызғылт реңге боялған сәт тіпті ерекше. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Алматы облысына лотос гүлдері алғаш рет 1960 жылдары әкелініп, жергілікті табиғи ортаға бейімделген.