Тазы мен төбет күні
Бүгін елімізде Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. Құмай тазы – жеті қазынамыздың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді. Ал Алматы облысы, Жамбыл ауданында тазы баптап, ұлттық аңшылық дәстүрді жалғастырып жүрген азаматтар аз емес.
Бұл Қарғалы ауылының тұрғыны Ибрагим Ибрагимов үйі. Мұнда 20-дан астам құмай тазы бар. Әр тазының күтімі мен бабына ерекше мән беріліп, тұқымын асылдандыруға көңіл бөлінеді. Солардың ішінде алғыр Тасқара - еліміздегі таңдаулы аңшы иті саналады. Саятшы Ықылас Сағымбайұлы айтуынша Тасқара тау кезгенде олжасыз оралмайды.
ЫҚЫЛАС САҒЫМБАЙҰЛЫ
САЯТШЫ
«Бір тау, екі тау асып өзі жалғыз көрген аңын алып тұр. Тауда сәтінен түскеніне байланысты. Дегенмен алдына жан салған жоқ әлі. Аңшылығын көрген үлкен ағаларымыз бағасын айтпай ақ қоялық, өте ауқымды соммада сұрайды. Бірақ бұл тазы енді қазақ ит ырысы , ырысыңды сатпайды деп Ибрагим ағамыз сатқан жоқ бұны. Үйдің төрінде жататын тазыларды бірі»
Көшпенді қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ер жігіттің сенімді серігі – шашақ құлақ құмай тазы. Қазақ халқы ежелден тазысын аңшылыққа баулып, оның жүйріктігі мен алғырлығын ерекше бағалаған.
ЫҚЫЛАС САҒЫМБАЙҰЛЫ
САЯТШЫ
«Жалпы енді азулы аң ғой. Енді әркім әртүрлі тамақтандырады. Біз енді қолдан келгенше етпен,сүйекпен ұстағанды дұрыс көреміз. Өйткені даланың түз тағысына даланың аңын алу, оған жету сондай мықты қоректендіру қажет етеді.
Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылды. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. Бүгінде құмай тазыларымыз әлемдік ірі көрмелерде жүлделі орындар алып жүр. Асыл тұқымды итті көбейту қарқын алып, тазы асыраушылар қатары артып келеді.