Төрт жылдағы толымды өзгеріс

Ал Алматы облысын абыроймен басқарған Марат Елеусізұлының еңбегін ел бағалайды. Ол бұл лауазымға  2022 жылдың маусымынан бері, яғни облыс қайта құрылып, орталығы Қонаев қаласына көшкен күрделі кезеңнен бастап кіріскен еді.  Төрт жылда өңір экономикасы екі есе өсіп, еліміздегі үздік бестіктің қатарына енді. Білім мен медицина саласына айрықша көңіл бөлінді. Ірі инвестициялық жобалар іске асты. Әріптесім Жадыра Қуанышбек толығырақ баяндайды.


Марат Сұлтанғазиевтің басшылығымен облыс орталығында жастар мен балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне айрықша мән берілді. Қала аумағында жаңа скверлер мен демалыс аймақтары ашылып, жас тұрғындар үшін заманауи әрі қолайлы орта қалыптасты.



«Біраз өзгерістер болды. Көгалдандыру жақсы жүріп жатыр, жаңадан үйлер салынып жатыр көп қабатты үйлер. Жаңағы әлеуметтік саладағы төмен адамдарға, жаңағы, квартиралар беріліп жатыр»

«Моряның бойында кәдімгі біздің үлкен саябақтар ашылуда, зәулім үйлер соғылуда. Сосын административтік мекемелер соғылуда. Мына жолдардың әдемі болып салынуы және қазіргі мына жолдардың төселуі... Мына аллея дейді ғой, адамдардың жүруіне және машиналардың әдейі бөлек-бөлек жүруіне үлкен атсалысуда»

«Өзгерістер бар. Бұрынғы Қонаевтан көрі көркейіп жатыр енді»

Төрт жыл бұрын облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласы қайта түледі. Осы аралықта Алматы облысы жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша еліміздегі ондықтан топ-5 өңірдің қатарына серпіліс жасады. Экономика көрсеткіші 3,4 триллионнан 6,8 триллион теңгеге  жетті. Инвестиция ағыны да екі есеге артты. Өңірде 700 миллиард теңгеден астам қаражатқа 100-ге жуық жаңа жоба іске қосылып, 11 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

ЖАСҰЛАН ОҢАЛБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Облыс орталығы, жаңағы Алматы облысы бөлініп шыққаннан кейін, кез келген жобаға біз мән беріп, жаңағы түпкілікті қарап жатырмыз да. Бүгінгі таңда қазір Қонаев қаласында салынып бастау алып жатқан әкімшілік ғимараттар, ол жерде құқық қоғау органдары отыратын ғимараттар болады, департамент үйлері болады. Сол ғимараттарды салып бастадық қазір. Енді алдағы уақытта осы жобалардың барлығы іске асса, Қонаев әлдеқайда, жаңағы, өзгеретіні сөзсіз»

Өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі - мектеп тапшылығы еді. 2022 жылы облыста 52 үш ауысымды мектеп болса, төрт жыл ішінде 75 жаңа білім ошағы бой көтеріп, бұл мәселе екі есеге азайды. Оның үстіне 3,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6 жарым мыңнан астам отбасы, соның ішінде әлеуметтік осал топ өкілдері жаңа баспанаға ие болды.

МАЯ ҚАСЫМОВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 
«Үй кезегіне тұрғаныма 12 жыл болды. 5 баланың анасымын. Аллаға шүкір өте бір керемет, жақсы баспаналы боп жатырмыз. Облыс әкіміне, президентіміз Қ.Тоқаев Кемелұлына алғысым шексіз. Тек жақсы күннен болсын. Бақыттымын, ризамын, Алла разы болсын!»

Алматы облысы аграрлық сектордағы көшбасшылығын да сақтап қалды. Елдегі ауыл шаруашылығы өнімінің 11 пайыздан астамы осы өңірге тиесілі. Оның үстіне мемлекетке 500 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер қайтарылды. Туризм де жаңа деңгейге көтерілді. Тек биылғы жазда Қапшағай су қоймасына 2 миллионнан астам демалушы келді. Көлсай, Қайыңды, Көшпенділер қалашығы сияқты туристік нысандарға инфрақұрылым тартылып, жолдар жөнделді.

МЕЙІРЖАН ЖАНСЕРІК
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
« Ең біріншіден, Қонаев қаласындағы инфрақұрылым мен жағажайларды жаңарту жұмыстары, абаттандыру жұмыстары туристерді қабылдауға толық дайын екенінің бірден-бір көрсеткіші болады. Келесі жылға бізде ең басты нақты жоспарлардың бірі ол халықаралық Формула-1 жарысын өткізу жоспарлануда, солтүстік жағажайда. Жалпы, енді жылдан-жылға туристердің қолайлылығы үшін, демалушылардың қолайлылығы үшін барлық жұмыстар атқарылып жатыр»

Әрине, халық саны қарқынды өсіп жатқан агломерацияда инфрақұрылым мен су тапшылығы сияқты түйінді мәселелер әлі де бар. Алдағы уақытта жаңа әкімге Қонаевта «Арена», Оқушылар сарайы» мен театр құрылысын аяқтау сияқты міндеттер жүктеледі. Марат Сұлтанғазиев басқарған төрт жыл – аймақтың дамытудың  жаңа қарқынын белгілеп берген кезең ретінде есте қалмақ.

Сондай-ақ оқыңыз: