Текестегі мал қырғыны: зертхана жауабы
Райымбек ауданының Текес ауылындағы картоп алқабынан мал өлекселерінің табылуына байланысты жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі белгілі болды. Мамандар ірі қара мал өлекселерінен, сондай-ақ топырақ пен картоптан алынған сынамаларды зерттеп, көрсеткіштердің белгіленген талаптарға сай екенін анықтады. Қазіргі уақытта аудандағы ветеринариялық-санитариялық ахуал тұрақты.
Еске салайық, 15 қазанда әлеуметтік желіде Райымбек ауданының Текес ауылындағы картоп алқабынан табылған мал өлекселері туралы бейнематериал жарияланған еді. Осыған байланысты аудан әкімі Дастан Сұлтанмұратұлы бастаған жауапты мекемелердің өкілдері оқиға орнына барып, жағдайды зерделеді. Мамандар тиісті сынамалар алып, тұрғындармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді.
ЖАНАТ ДҮКЕНБАЙ
АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Райымбек ауданы Текес ауылдық округінің Өрнек учаскесінде сегіз мал өлексесі анықталған болатын. Аталған өлекселерден сынамалар алынып, зертханалық сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта жүргізілген ветеринариялық және ветеринариялық-санитариялық зерттеулердің нәтижесінде улы заттар анықталмағаны туралы мәлімет берілді».
Мәселені жан-жақты зерделеу аясында Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қазыбек Дауталиев те Текес ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауыл халқының пікірлері тыңдалып, оларды толғандырған сұрақтар талқыланды.
ҚАЗЫБЕК ДАУТАЛИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Бұл өлкенің картобы бұрыннан жақсы өнім беріп келеді. Қазір мұнда түрлі сорттарды енгізу жұмыстары да жүргізілуде. Меніңше, қалыптасқан жағдай түсініспеушіліктен туындаған сияқты. Біз оқиға орнын өз көзімізбен көріп, барлық тараппен сөйлестік. Әңгіме барысында түрлі эмоциялар да болды. Қоғамда осындай өзекті әрі эмоциялық мәселелердің туындауы заңды. Алайда әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған ақпараттың объективті тұрғыдан негізсіз екеніне көз жеткіздік».
Ұлттық референттік орталықтың зерттеу қорытындысына сәйкес, ірі қара мал өлекселерінен алынған сынамалардағы кадмий, қорғасын, сынап және күшән мөлшері белгіленген шекті көрсеткіштерден аспаған. Сонымен қатар, топырақ пен картоптан алынған сынамалар да зертханалық тексеруден өтіп, нәтижелері белгіленген талаптарға сәйкес келген. Қазіргі уақытта аудандағы ветеринариялық-санитариялық жағдай тұрақты. Жауапты мекемелер мал саулығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін бақылауда ұстап отыр.