Тұтынушыларға 87 миллион теңгеден астам ақша қайтарылды
Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында Алматы облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 4 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент мамандары хабарлады. Олардың айтуынша, шағымдар саны өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артқан. Тұтынушыларды көбіне сапасыз тауарлар, электрондық саудадағы алаяқтық, тұрмыстық қызметтер мен коммуналдық саладағы құқық бұзушылықтар алаңдатады. Жыл басынан бері мамандар 161 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, азаматтарға 87 миллион теңгеден астам қаражатты қайтарып берген. Брифингте айтылғандай, әрбір тұтынушы өз құқықтарын білуі тиіс. Ал мамандар даулы мәселелер туындаған жағдайда көмек көрсетуге дайын.
ЕРМЕК ӘБІКЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Егер сіздің заңды талаптарыңыз қанағаттандырылмаса, заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органдарға жүгінуге құқылысыз. Сіз ұсынған құжаттар мен дәлелдер неғұрлым толық болса, істің мән-жайын анықтау және тиісті шараларды қабылдау соғұрлым жеңіл болады. Департамент азаматтардың мүдделерін қорғау, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын одан әрі жалғастырады.