Болашақ орманға – 10 тонна тұқым
Балқаш ауданында жүзге жуық ерікті, мектеп оқушылары мен студенттер қара сексеуілдің тұқымын жинауға жаппай білек сыбана кірісті. Бұл жай ғана сенбілік емес, Мемлекет басшысының ел бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы ауқымды экоакция. Жыңғыл арасында еңбекке араласқан мына жастар – жергілікті мектеп пен колледждің тәлімгерлері. Бүгін олар қолдарына шелек алып, дала кезді. Мақсат – шөлді аймақтың бағалы өсімдігі қара сексеуілдің тұқымын жинау әрі жас ұрпақтың бойына табиғатқа деген жанашырлықты егу. Өз қолымен теріп, жерге сепкен тұқымның жылдар өте алып ағашқа айналғанын көрген бала қоршаған ортаны аялауды үйренеді.
АДИНА ДӘУЛЕТБАҚ
ОҚУШЫ
- Мен сыныптастарыммен бірге осы Таза Қазақстанды дамытуға, сексеуіл теріп, он шелек тердік, осы біреуі және де осы өскенде орман болып жайқалса екен деп тілектесіп келдік.
Қара сексеуіл тұқымын таңдалуы да тегін емес. Ол, шөлді өңірде құм көшкінін бөгеп, топырақты эрозиядан сақтайтын негізгі табиғи қорған. Акция барысында жиналған 10 тонна тұқым Көктал ауылы іргесіндегі 2000 гектар аумаққа отырғызылатын болады. Бұл маңызды жұмыс, алғашқы қар түскенше жүргізілмек.
ҚАНАТ НҮСІПБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ
- Мемлекет басшысының екі миллиард ағаш өсіру туралы тапсырмасы бар. Сол тапсырмаға сәйкес Алматы облысында 24 мың гектар жерге 52 миллион ағаш егіп өсіруіміз керек. Бүгін, биылғы жылға бізде жоспар бойынша 2077 гектар жерге ағаш өсіру жоспарланған. Оның 77 гектарына 500 мыңнан астам ағаш көшеті де отырғызылып, жоспар толығымен 109%-ға орындалды.
Акциядан соң жауапты тұлғалар Бақанас орман шаруашылығының материалдық базасын көріп шықты. Мекеме қарамағында 100-ден астам маман еңбек етеді. Шаруашылықтың қамтылуы жыл сайын жақсаруда, дегенмен, сала мамандары өңір басшылығына өздерін толғандырған түйінді мәселелерін де жасырмай айтты.
МҰРАТ НҰРМҰХАНБЕТОВ
БАҚАНАС ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ КММ ДИРЕКТОРЫ
- Жылыту жүйесі болуы керек, өрт сөндіру машиналары тұратын ғимараттардың бәрі де жылытылуы қажет. Содан кейін бізге ең бастысы – қайық керек. Өйткені Қарой, Көктал сияқты елді мекендерде өрт болып жатқан жерлердің кейбіріне жету қиын, батпақты жерлер бар. Ондай жерлерге қайықпен жетуге тура келеді.
Сала басшысы көтерген бұл мәселеге, облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы жан-жақты қолдау білдірді. Ал көгалдандыру бағдарламасы мен кешенді жоспар толық жүзеге асса, өңірдегі орманды алқап үлесі 15,2 пайызға дейін артып, туған өңірдің экологиясы түлей түспек.