Денсаулық сақтау – басты назарда

Алматы облысында туберкулезге шалдығу көрсеткіші сапалы төмендеп, нәресте өлімі 5 пайызға азайды. Бұл оң өзгерістер денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде мәлім болды. Жүйелі жұмыстың арқасында ауылдық медицина мекемелерін кадрмен қамту ісі де ілгерілеген. Дегенмен, өңірде әлі де өзекті мәселелер жеткілікті. Соның бастысы - тар бейінді мамандардың тапшылығы. 

Бүгінде медициналық мекемелерде дәрігердің кәсібилігімен қатар, пациентке жайлы жағдай жасау да басты назарда. Сондықтан инфрақұрылымды жаңартуға бюджеттен тұрақты қаржы бөлініп келеді. Мәселен, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасында стационар мен босану бөлімі жаңартылып, перинаталдық орталық ашылды. Мұнда тіпті қан тамырларын зерттейтін ангиограф аппараты орнатылды. Ал Қарасай аудандық ауруханасындағы жөндеу жұмыстары 85 пайызға аяқталса, Ұйғыр аудандық орталық ауруханасы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Десе де, кадр тапшылығы шешілмейінше, заманауи ғимарат өз нәтижесін бере қоймайды. Қазір облыста 3 мыңға жуық дәрігер мен 9 мыңнан астам орта буын маманы еңбек етеді. Тапшылықты жою үшін жыл басынан бері жергілікті бюджет есебінен білім алған 65 резидент жұмысқа орналасты. Ал тағы 40 жас маманға жалпы сомасы 8,5 миллион теңге көтермеақы төленді.

ЕРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- 9 айдың ішінде туберкулез көрсеткіші төрт есе түсті, нәресте өлімі екі есеге түсті және жүрек-қан тамыр ауруларының өлімі екі есеге түсті. Онкологиялық скринингтер жақсарып, көрсеткіштері үш есе жақсарды. Қосымша айтып өтсек, жаңа нысандар салынып, халыққа тапсырысқа берілді. Әр қарай осы жұмыс бақылауға алынып, жақсартуға біз бәрін тырысамыз. 

Шалғай ауыл тұрғындары үшін білікті маманға көріну көбіне қиындық тудырады. Сол себепті қазір дәрігерлердің өздері ауылдарға арнайы барып жатыр. Жыл басынан бері жылжымалы медициналық кешендер 2,5 мыңнан астам тұрғынды қарап, 6 ота жасады және жергілікті мамандарға шеберлік сабақтарын өткізді. Дегенмен, аурудың алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан дәрігерлер профилактикаға баса мән береді. Әсіресе, әйелдер арасында қатерлі ісікті ерте сатыда анықтау бойынша тұрақты скринингтер жүргізілуде. Жиында 9 айдың қорытындысы шығарылып, өңір медицинасына елеулі үлес қосқан ақ халаттылардың еңбегі де еленді. Үздік дәрігерлер мен медбикелерге алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталды.

МҰХАББАТ ӘБДІЛОВА
ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ҚАРҒАЛЫ АУЫЛДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ
- Қуанышымда шек жоқ. Мұндай күтпедім береді деп. Бүгінгі мереке бәрімізге құтты болсын! Еңбегімізді бағалап жатқанына рақмет. Бізде узкий специалисттер дейміз ғой, солардың жетіспеушілігі бар, бірақ қазір бәрін қарап, жаңадан жұмысқа алып жатыр. 

Алқа мәжілісінде алдағы жоспарлар да айтылды. Мәселен, Тәуелсіздік күніне орай Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылында ауысымына 50 адам қабылдайтын жаңа амбулатория пайдалануға беріледі. Одан бөлек, бірқатар ауданда да ауылдық медицина мекемелері ашылмақ. Ал Нарынқол ауылында 28 қазанда ауысымына 250 пациентке арналған жаңа емхана өз есігін айқара ашады.

Сондай-ақ оқыңыз: