Үзілмеген үміт
Қарасай ауданында үй кезегінде тұрған 20 отбасы баспаналы болды. Пәтер кілті көп балалы аналармен мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, сондай ақ мүгедектігі бар азаматтар мен соғыс ардагерлеріне табысталды.
ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ
«Жыл басынан бері қарасай ауданында 223 тұрғынға жаңа пәтердің кілті табысталды. Бүгін осы қуаныш өз жалғасын тауып, тағы 20 отбасы қоныс тойын тойлауда. Баспаналы болу – әр отбасының ең үлкен армандарының бірі.»
Жылдар бойы күткен баспанасына қолы жетіп, арманы орындалғандардың бірі Өскенбаевтар әулеті. Жаңа пәтердің кілті ауған соғының ардагері Сәкен Өскенбаевқа беріліп отыр. Көп балалы отбасының үй кезегінде тұрғанына 10 жылдан асқан. Жалдамалы пәтерде тұрып, талай қиын күнді бастан өткердік деп еске алды. Қиындық артта қалды. Енді бір ғана шарт бар: пәтер иелері ай сайын жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтер үшін қажетті төлемдерді төлеп отырса жеткілікті.
ЖАУХАР САРЫМБЕТОВА
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Төрт балам бар. Төрт баламен квартирада тұру оңай емес. Кейде көпбалалы ана деп көбісі жақтыра бермейді. Квартира іздесең, бірінші қанша балаң бар деп сұрайды. Қыста күннің суығында көшкен кездеріміз болды, қиналып. Шүкір, енді осы қиындықтың барлығын артқа тастап, армандаған арманымызға жетіп отырмыз».
Қарасай ауданында үй кезегінде тұрған 7 мыңға жуық әлеуметтік осал топ өкілі бар. Биыл олардың 200-ден астамы пәтер кілтін алды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Ал тұрғын үйлердің басым бөлігі Елтай ауылдық округі мен Қаскелең қаласының Қарлығаш шағын ауданынан беріліп жатыр.
ЖАСҰЛАН ЕСТЕНОВ
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
«Саларда бірінші басымдық – қасында мектеп болу керек. Екіншіден, ертең адамдарға жұмыс істейтін орындары болу керек. Біз неге Елтай ауылдық округінде салып жатырмыз? Өйткені онда үлкен-үлкен зауыттар бар. Қалаға да жақын, ыңғайлы жерлер».
Жыл соңына дейін тағы 46 отбасы үйлі болады. Бұдан бөлек, ауданда 400-ден астам пәтер дайындалып жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл жылдың соңына дейін аяқталып, келесі жылдан бастап үй кезегіндегі отбасыларға табысталмақ.