Жаңа буын білімі

Білім беру саласындағы жаңашылдық пен тиімді басқару – сапалы білімнің негізі. Ұйғыр ауданында «Менеджмент және инновация» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосу барысында білім беру жүйесін дамытуға бағытталған бастамалар таныстырылып, қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ шара аясында білім саласының үздіктері марапатталды. Конференция қатысушыларына арналған көрмеде түрлі бағыттағы жаңашыл жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдері мен оларды күтіп-баптау тәсілдері таныстырылып, робототехника жетістіктері мен ұлттық қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Көрме білім мен тәжірибені ұштастырып, түрлі саладағы тың идеяларды ортаға салуға мүмкіндік берді.

ГУЛЬЖИХАН ИМАНХАТОВА-АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- Бүгінгі конференцияға 200-ге жуық білім беру ұйымдарының басшылары қатысуда. Жалпы бүгінгі конференцияның тақырыбы — менеджмент және басқару инновациясы деп аталады. Бұл конференцияның негізгі мақсаты-бірінші кезекте қазіргі заман талабына сай басқарушылық қызметті дамыту, арттыру мүмкіндігі. Бұл жерде бірнеше, 156 педагогтың, педагог басшысының материалдары енгізіліп, тәжірибелері таратылуда.

Жиынның мазмұнды бөлігі ғылыми баяндамалар мен тәжірибелік секцияларға арналды. Қатысушылар білім беру ұйымдарындағы көшбасшылықты дамыту, басқару үдерісін жетілдіру және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар конференция барысында сала мамандарының еңбегі бағаланып, білім беру жүйесінің дамуына үлес қосып жүрген үздіктерге құрмет көрсетілді.

ЖАНАРБЕК ЖАҚСЫЛЫҚ-ҰЙҒЫР АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
- Еліміздің белді университеттерінде қызмет ететін ғалымдар келіп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Енді бұл конференцияның негізгі мақсаты – осы ауыл мектептері мен еліміздің университеттері арасында да байланысты қалыптастыру, және таныстыру, тәжірибе алмасу болып табылады.

Конференция аясында білім беру саласындағы маңызды бастамалардың бірі – «Кітап оқитын ұлт» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да назар аударылды. Қатысушыларға ауданымыздан шыққан жазушы Сәуле Досжанның «Миллионер бала» кітабы негізінде танымдық тапсырма ұсынылып, QR-код арқылы тест сұрақтарына жауап беру мүмкіндігі жасалды. Бұл бастама кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, оқырмандық мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Жиында айтылған ұсыныстар мен көрсетілген тәжірибелер білім сапасын арттыруға және білім беру жүйесіндегі жаңашылдықты дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз: