Пластик — пайдаға, қалдық — ресурсқа айналады

Пластикті өндіру, сұрыптау, қайта өңдеу. Бүгінде бұл - өндіріс үшін де, экология үшін де маңызды бағыт. Алматыда өткен халықаралық Пластекс Қазақстан көрмесінде кәсіпорындар жаңа технологияларын таныстырып, полимер саласының мүмкіндіктерін ортаға салды. Алматы облысында полимер өңдеумен және пластиктен түрлі бұйымдар өндірумен айналысатын кәсіпорындар жетерлік. Көрмеге Іле ауданынан келген компания да қатысты. Ол өндіріс орындарын полимерлік шикізатпен қамтамасыз етеді. Яғни, пластмасса және өзге де өнімдер шығаратын зауыттарға қажетті материалды жеткізеді.

ОЛЬГА ТІЛЕУЖАНОВА-ӨНДІРІС БАСШЫСЫ 
«Біз Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі полимерлік бұйым өндірушілеріне шикізат жеткізіп қана қоймай, оны өңдейтін кәсіпорындарға күрделі инфрақұрылымы бар қойма орындарын да ұсынамыз. Мұндай инфрақұрылымды қалыптастыру қомақты инвестиция мен ресурсты қажет етеді.»

АҚЖАН АНАПИЯ-ТІЛШІ 
«Полимер бұйымдарын шығаратын тағы бір өндірушілердің бірі Талғар ауданында орналасқан. Көрмеде пластик орындықтардан бастап, жиһаз бөлшектері, тұрмысқа қажет заттың бәрі қойылған.»

Отандық өндірушілермен қатар, Орталық Азия елдері мен Иран компаниялары да көрмеге қатысты. Жиырмадан астам кәсіпорын өз өнімдері мен технологиясын таныстырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғау мәселесін де талқылады. Әсіресе, пластик қалдықтарын сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жолдарына назар аударылды. Өйткені өндіріс көлемі артқан сайын қалдықтарды тиімді басқару мәселесі де өзекті бола түседі.

ГАУҺАР БЕКМАНОВА-ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ  
«Бұдан бөлек, көрме  аясында «Қазақстанның полимер өнеркәсібі» атты конференция өтеді.. Онда газ-химия өндірісінің маңызы мен терең өңделген өнім шығару мәселелері талқыланады. Кеше қатысушылар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және полимерлік шешімдер арқылы Қазақстандағы құбыр өндірісін дамыту мәселелерін де ортаға салды.»

Қазір Алматы облысында пластик, макулатура, шыны және тозған автокөлік шиналарын сұрыптап, қайта өңдейтін 6 ірі және бірнеше шағын кәсіпорын бар. Олар жыл сайын 180 мың тоннадан астам қалдықты сұрыптап, өңдейді.  Сондай-ақ, қоқысты кәдеге жаратып, одан пайда табуға бағытталған 8 ірі жоба қолға алынбақ. Жалпы құны 148,8 млрд теңгеге бағаланған бастама экологиялық ахуалды жақсартуға көмек. 

Сондай-ақ оқыңыз: