Digital Day: болашақты өзгертетін идеялар

Алматы облысында отандық IT-индустрияны дамытуға бағытталған Digital Day өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған «Алматы облысының цифрлық коды» атты іс-шарада өңірдің жас өнертапқыштары, колледж студенттері, стартап авторлары мен IT-компаниялар өз жобаларын таныстырды. Alatau Hub алаңында өткен кездесудің басты мақсаты – жергілікті технологиялық шешімдерді қолдау, жас мамандардың әлеуетін ашу және цифрлық тәуелсіздікті нығайту.

Қонаев қаласында өткен Digital Day көрмесінде 20-дан астам жоба таныстырылды. Қатысушылардың қатарында мектеп оқушылары, колледж студенттері, жаңадан құрылған стартаптар мен жұмыс істеп тұрған IT-компаниялар бар. Көрменің ерекшелігі жобаларды тек таныстырып қана қоймай, олардың жұмыс істеу тетігін іс жүзінде көрсету. Ұсынылған әзірлемелер білім беру, медицина, туризм және басқа да салаларда қолдануға бағытталған.

АСХАТ ЖАНБОСЫНОВ
ALATAU HUB АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- Alatau Hub-қа келіп, компьютерге, интернетке қолжетімділігі жоқ балалар болса, осы жерге келіп өзінің проекттерін жасай алады. Оның бәрі тегін. Бізде компьютерлер бар, интернет бар, бәрі жабдықталған, тегін осы жерде отырып өзінің проекттерін дамыта алады. Соған біз үлесімізді қосып, мүмкіндік береп отырмыз.

Білім беру саласын цифрландыруға бағытталған тың бастамалар да назардан тыс қалмады. Соның бірі әлемдік классика мен қазақ әдебиетін онлайн оқуға арналған «Кітап білім» платформасы. Ал келесі жоба колледждегі қағаз журналдарды электронды форматқа ауыстыруды көздейді. Жүйе студенттердің сабаққа қатысуы мен үлгерімі туралы мәліметтерді бір базаға жинақтап, оқу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

АЙНЕЛЬ АХМӘДИ
ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
- Біздің платформамыз қиын емес, ол жерде әркім админнің жаңағы қолданушылардың өзінің логин, құпиясөздері болады. Ол жерде өздері кітаптарды таңдап, ұнаған кітаптарын қосып, оқып отырса болады. Оқып біткеннен соң «оқыды» деген сертификаттары беріледі. Енді біз бұны колледжде және мектепте ұсынып отырғаннан кейін, балаларды қызықтыру мақсатында осындай жасап қойғанбыз.

АҚЕРКЕ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА
ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
- Бізде журнал барлығы қолмен жазылады. Сосын электронды түрге өту үшін мен осы жобамды алып келдім. Жобаны қысқаша айта кететін болсам, НОБД-мен интеграция жасалынған. НОБД деген үлкен база бар, яғни ол жерде барлығы шашыраңқы, сол шашыраңқы заттың бәрін жинап, бір жүйеге келтіріп, балалардың келуін, кетуін, бағасын бәрін реттеп беретін үлкен бір керемет жоба алып келіп тұрмын.

Алдағы уақытта да өңір жастарына арналған оқыту бағдарламалары мен технологиялық кездесулерді жалғастыру жоспарлануда. Бұл бастамалар жергілікті IT-мамандардың қалыптасуына, төл цифрлық өнімдердің дамуына және Алматы облысының технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз: